2015 жылы халық тарапынан үлкен сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензинге мемлекеттік реттеу жойылып, баға босатылған болатын. Сол уақыттан бастап оның құны нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа сай белгіленіп отыр. Алайда, бұл бағаның шамадан тыс өсуіне жол беріледі деген сөз емес. М.Оспановтың айтуынша, күні бүгін облыста жанармай бағасының (АИ-92, 95 маркалы бензин) белгілі бір деңгейде жоғарылауына қатысты талдау, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі назар – жанармайды көтерме бағамен әкелетін тасымалдаушылардың өзара сөз байласуына жол бермеуге аударылуда.
– Монополияға қарсы заңдылықты бұзған субъектілерге салынған барлық әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 380 млн. теңге. Дәл қазіргі таңда 6 субъектіге қатысты тексеру басталды. Ал енді жанармай нарығына тоқталар болсақ, бағаның шамадан тыс өсуіне жол берген «Москвичи» (Бөкей ордасы ауданындағы осы кәсіпорынның жанармай құю бекетінде АИ-92 маркалы бензин бағасы литріне 200 теңгеге жеткен) бекеттеріне қатысты арнайы хабарлама жіберілді. Хабарлама қолға тигеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде жанармай құю мекемесінің басшылығы кемшіліктерді жоюы тиіс. Кемшілік жойылмаса, заң аясында шаралар қолданылады, – деді өз сөзінде М.Оспанов.