Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасын көтеруге қойылған мораторий аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың сөзінше, Энергетика министрлігі күрт қымбатшылықты болжап отырған жоқ, бірақ баға біртіндеп өсуі мүмкін. Ол бұған дейін жанар-жағармай нарығы еркіндікке жіберілген кезде де баға бірден шарықтамағанын еске салды.
"Бұл - тек Энергетика министрлігінің емес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Мақсат - бәсекеге қарсы әрекеттерге жол бермеу", - деді вице-министр Үкіметтегі брифингте.
Сұңғат Есімханов бағаға бақылау сақталатынын, соның ішінде нарықта артық пайдаға жол бермеу шаралары жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол жанармай құны біртіндеп өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Шамалы өсім болуы мүмкін. Көрші елдерде жанармай әлдеқайда қымбат. Бірақ күрт өзгеріс болмайды деп ойлаймын", – деді ол.