Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров министрлікпен келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, құжатқа қол қою заң талаптарына сай өткен. Тараптар келісімшарттағы барлық тармақты талқылап, ортақ шешімге келгеннен кейін келесі күні құжат рәсімделген.
"Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін оны жұмысқа қабылдадық. Құжатта көзделген міндеттемелер толық орындалады", - деді Серік Жарасбаев.
Сондай-ақ, вице-министрдің сөзінше, жуырда Михаил Шайдоров министрлікке барып, келесі олимпиадалық циклге дайындық мәселелерін және Қазақстандағы мәнерлеп сырғанауды дамыту бағыттарын талқылайды.
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров жарты жылдан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеген болатын. Спортшының айтуынша, әкімдік пен Ақордадағы салтанатты қабылдаулардан кейін оған жалақы төлеу тоқтаған.