Заңгер әрі адвокат Серік Айтбаев Қазақстанда қорғаныс министрлері қызметте қанша уақыт отырғаны, олардың қызметтен кету себептері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, Қорғаныс министрлігін 34 жылда 14 адам басқарған. Мұхтар Алтынбаев бұл қызметті екі рет атқарған. Министрлердің қызметтегі орташа мерзімі 2,4 жыл болған. Ең ұзақ қызмет атқарғандар - Мұхтар Алтынбаев (2001-2007) пен Әділбек Жақсыбеков (2009-2014).
Серік Айтбаевтың айтуынша, 2014 жылға дейін министрлер бұл қызметте орта есеппен 3,1 жыл отырса, одан кейінгі кезеңде бұл көрсеткіш 1,8 жылға дейін қысқарған.
Қорғаныс министрлерінің қызметтен кету себептері әртүрлі болған. Кейбірі басқа қызметке ауысуына немесе кадрлық ауыс-түйіске байланысты қызметтен кеткен. Мәселен, Әділбек Жақсыбеков 2014 жылы Мемлекеттік хатшы болып тағайындалса, Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрлігінен кейін вице-премьер қызметіне ауысқан.
Бірқатар министрдің отставкасының нақты себебі ресми түрде айтылмаған. Олардың қатарында Әлібек Қасымов, Сәт Тоқпақбаев пен Даниал Ахметов бар.
Кей жағдайларда министрлердің қызметтен кетуі әскери саладағы ірі оқиғалардан кейін болған. Мәселен, Мұхтар Алтынбаевтың алғашқы қызмет мерзімі 1999 жылы пайдаланудан шығарылған 38 МиГ-21 ұшағының Солтүстік Кореяға сатылуына қатысты жанжалдан кейін аяқталған.
Сәкен Жасұзақов 2018 жылы Қорғаныс министрлігінен кейін Ұлттық қорғаныс университетін басқарды. 2019 жылы Арыстағы оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, үш адам қаза тапқаннан кейін ол Қарулы күштер қатарынан босатылды.
2021 жылы Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында болған өрт пен жарылыстан 17 адам қаза тапты. Сол кезде қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев қызметтен кетуге дайын екенін айтып, кейін отставкасы қабылданды.
Мұрат Бектанов 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін қызметінен босатылды. Кейін ол қылмыстық іс бойынша сотталып, 2023 жылы әскери сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Руслан Жақсылықов 2025 жылы қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Оның қызметтен кету себебі ресми түрде жарияланған жоқ.
Ал Дәурен Қосанов 2026 жылғы 27 қыркүйекте Каспийдегі қайғылы оқиғадан үш күн өткен соң қызметінен босатылды. 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші теңізге түсіп, үшеуі құтқарылған. Осы оқиғаға байланысты бес лауазымды тұлға ұсталды. Алайда Дәурен Қосановты қызметтен босату туралы жарлықта нақты себеп көрсетілмеген.
Серік Айтбаев өз талдауында қорғаныс министрлерінің 14 отставкасын бірнеше топқа бөлді. Оның есебінше, бір министр жасына байланысты қызметтен кеткен, төртеуі басқа қызметке ауысқан немесе кадрлық ауыс-түйіс кезінде кеткен. Тағы төрт жағдайда отставканың нақты себебі жарияланбаған. Ал бес министрдің қызметтен кетуі жанжал, апат немесе қылмыстық істермен тұспа-тұс келген.