Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында сотталушы Шыңғыс Белгожаев сол түні болған оқиғаның егжей-тегжейін баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Белгожаевтың айтуынша, 2024 жылы 3 қазаннан 4-іне қараған түні ол досы Азамат Тоқтаубаевпен бірге "Эйфория" кафесіне барып, сол жерде бір топ адаммен кездескен. Кафе жабылар сәтте Нұрбол Тоқтаубаев хабарласып, Менделеев көшесіндегі дүкен маңында бір жағдай болғанын айтып, оларды шақырған.
"Кафе жабыларда Азамат Абзалға хабарласып, автобазаға шақырды. "Қамажай" дүкеніне барғанымызда 10 шақты адам жиналып тұрды. Дархан Әскентайдың беті қан еді. Не болғанын сұрағанымызда, біреулер ұрып кеткенін айтты. Сол сәтте Қаржаубай дүкеннен пышақпен жүгіріп шықты. Тоқтайды деп ойлап, мен де бәкімді шығарып, оны қайта дүкен ішіне кіргізуге тырыстым. "Қойыңдар, қойыңдар, пышақты таста" дегенімізге қарамай, пышағын тастамайды. Бірақ ол пышақты тастамай қойды. Оның қолындағы ас үй пышағы болатын", – деді сотталушы.
Белгожаев оқиғаның әрі қарай төбелеске ұласқанын айтты. Оның сөзінше, кім бірінші ұрғанын байқай алмаған. Осы кезде белгісіз біреу мылтықтан оқ атып, екінші оғын атқалы жатқанын көріп, дүкен жанындағы ағаш жаққа қарай қашқан.
"Кейін бәрі алға қарай жүре бастады. Мен де соларға қосылып жүгіріп бардым. Мылтық ұстаған адамды ұрамын деп ойладым, бірақ кейін видеодан қарасам, Шерзатты ұрған екенмін. Ұрдым, тептім. Сосын "кеттік, кеттік" деген дауыс естілгенде, бәріміз көлікке отырып, оқиға болған жерден кетіп қалдық", - деді ол.