Жамбыл облысының Меркі ауданында жанармай құю бекетінде суық қаруды қолдану арқылы жасалған шабуыл фактісі бойынша ішкі істер органдары қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Күдікті ізін суытпай ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша (пышақпен жасалған бұзақылық) 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық іс Жамбыл облысы ПД Тергеу басқармасының өндірісіне қабылданды, жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел-тергеу тобының жұмысын үйлестіру үшін аймаққа ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілді. Оқиғаны толық және жан-жақты тергеу қамтамасыз етіледі.
Күдіктінің іс-әрекетін қайта саралау туралы мәселе тергеу әрекеттерінің нәтижесі және қадағалау органының келісімі бойынша қаралатын болады.
Сонымен қатар адвокаттың өтініші бойынша жәбірленушіге полиция қызметкерлері қатарынан күзет қамтамасыз етілді.
Тергеу барысы ҚР Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.