Мемлекет басшысы Түркиядағы бизнес өкілдерінің басқосуында жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін айтып, саяси жүйені толық жаңғыртатынын атап өтті. Ол "Суперпрезиденттік" басқарудан мықты парламенті бар президенттік республика жүйесіне біртіндеп өтетінін жеткізді.
"Биыл бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту.
Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын"
– деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент ұлттық экономика түбегейлі жаңғыртылатынын айтты.
"Оны әділ бәсеке орнату, жекеменшікті қорғау, монополиядан арылту арқылы жүзеге асырамыз. Осының бәрі еліміздегі саяси тұрақтылықты нығайта түседі. Сонымен қатар бизнестің мүддесі мен құқын қорғауға ықпал етеді. Ең бастысы шетелдік инвесторлар үшін экономикалық мүмкіндіктерді барынша кеңейтеді. Бір сөзбен айтқанда, алдымыздан ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі ашылады.
Бұл Түркияның ірі холдингтеріне, компанияларына ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне де мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.