Мен бомж емеспін

Dalanews 16 қаң. 2015 09:52 1204

[caption id="attachment_8607" align="alignright" width="332"]20141228_163809 - копия Серікбол Базарханов[/caption]

Дүкенге кіріп-шығып жатқан жұрт оған назар да аударған жоқ. Қаладағы қаңғырған қайыршының бірі деп ойлады. Бәлкім, бізде оған көңіл бөлмес едік. Қазір кімнің кімге жаны ашысын...

– Бауырым, брат... тоқташы. Бір бұйымтайым бар еді.

– Иә...

– Брат, нәр татпағаныма екі күн болды. Тиын-тебенің болса тастап кетші. 

Қолында сырасы (іштей ащы суға ақша табылады деп ойладық), бет-аузы ісіп кеткен, киімі кір қожалақ адамды көргенде, кірпідей жиырыла қаларымыз жасырын емес қой. Ол да соны сезгендей жасқаншақтап тұр.

 – Аз-мұз тиын-тебенің болса... Далада түнеп жүргеніме, міне, бір жеті болды. Соңғы күндері мына дүкеннің іргесін паналауға мәжбүрмін. Желдеткіштен жылы жер ұрады. Барар жер, басар тау жоқ. Ішіп жүрмін...

Дүкенге қарама қарсы үйде тәтем тұратын еді. Соған келгем ғой. Есігін ашпай қойды. Жарайды, оны да түсінем. Бала-шағасы бар. Бәрінен бұрын мені қайыршы деп кемсіткені ауыр тиді.    

Байқаймыз – сөзі түзу. Соған қарағанда араққа салынған адамға ұқсамайды. Әлі жас. Бірақ қара жұмыс қажытып жіберген сияқты.

– Мені бомбж деп ойлап қалма. Ондайлардан аулақ жүремін. Сасық исі бар... Қоқыс қопаратын жағдайға жеткем жоқ. Иә, қалтамдағы соңғы тиынға сыра сатып алдым. Одан артыққа жетпейді. Ішкім кеп ішкем жоқ. Араққа салынған адам деп ойлап қалма. Ой жеп қойды. Өз-өзімді мүжіп, кеміріп болдым.  

Аты Серікбол екен. Талдықорғаннан келіпті. «Құрылыстың хас шеберімін»,– дейді. Оны да біраз әңгіме қылды.

– Гипсокартон, липкас, кафель... бәрі де қолымнан келеді. Тек жұмыстан шығып қалғаным болмаса. Қысқа қарай құрылыс тоқтап қалады ғой. Оның үстіне қысқарту жүрді. Мен ілігіп кеттім. Содан жұмыс іздеп сабылмаймын ба... Басқа объектіге барсам алмайды. Ол жақта да өзім құсақты жұмыс іздеп жүрген қарақұрым халық. Күзетшілікті төңіректеп көріп едім, ол да мүмкін болмады. Сөйтіп  жұмыстан шыққан екі айдың ішінде осындай кепке түстім.  Ауылда әйелім, екі балам қалды. Олар аш отыр демеймін. Тұңғышым келер жылы бірінші сыныпқа барады. Бұдан бұрын тапқан табысымды соларға жіберіп отыратынмын. Отбасым «ауылға қайт» дейді. Бірақ, қайтқаннан не қайыр. Ол жақтағы жағдай белгілі ғой. Көктемге дейін шыдай тұру керек. Шыдау керек...   
Мені бомбж деп ойлап қалма. Ондайлардан аулақ жүремін. Сасық исі бар... Қоқыс қопаратын жағдайға жеткем жоқ. Иә, қалтамдағы соңғы тиынға сыра сатып алдым. Одан артыққа жетпейді. Ішкім кеп ішкем жоқ. Араққа салынған адам деп ойлап қалма. Ой жеп қойды. Өз-өзімді мүжіп, кеміріп болдым.

Серікбол әлі де біраз әңгімесін айтты. Жоғары білімі бар екен. 2004 жылы Спорт академиясын бітірген.

– Еркін күрестен спорт шеберіне кандидатпын. Сенбесең, міне, құлағымды қара. Осындай күйге түскеніме күйінбейді дейсің бе? Ой жеп жүр соңғы күндері. Жарамды ішіп жазып жүрмін. Брат, нәр татпағаныма екі күн болды. Тиын-тебенің болса тастап кетші...

Оған түскі асқа жетерлік ақша ұстаттық. Оны тамаққа жұмсады ма, әлде араққа кетірді ме, белгісіз.

P.S. Оның аты – Серікбол Базарханов. Талдықорғаннан келіпті. Айтуынша, отбасы, бала-шағасы бар екен. Ол сынып кетудің аз-ақ алдында тұр. Қазақ баласы бұлай қаңғырмауы керек шығар.  Оның туған-туысқандары бұған бейжай қарамайды деген үміттеміз.

Думан БЫҚАЙ


  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар