АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Ливанға жасаған жаңа соққыларына байланысты премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесу кезінде қатты ашуланған. Бұл туралы Axios басылымы дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылымның дерегінше, Трамп әңгіме барысында эмоциясын жасырмай, Израиль басшысының әрекеттерін қатаң сынға алған.
"Мен болмағанда сен қазір түрмеде отырар едің. Мен сені үнемі қорғап келемін. Ал енді осының кесірінен бәрі сені де, Израильді де жек көре бастады" – деп айтқан Трамп.
Ақ үй басшысының наразылығына Израильдің Ливан аумағына жасаған жаңа әуе шабуылдары себеп болғаны айтылады. Трамптың пікірінше, бұл әрекеттер бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді бұзып, бейбіт тұрғындар арасында адам шығынына әкелген.
Сондай-ақ дереккөздердің айтуынша, АҚШ президенті Нетаньяхуды Израильдің халықаралық деңгейде оқшаулану қаупі күшейіп келе жатқаны жөнінде ескерткен.
Осы жағдай аясында АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің де уақытша тоқтатылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.