Мемлекеттік телеарналарда әйел құқығын таптайтын сюжеттер көрсетілмеуі тиіс — Әбенов

Қаракөз Амантай 08 қаз. 2025 14:30

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мемлекеттік телеарналарда қалыңдықты алып қашуды насихаттайтын материалдардың шығуын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Жуырда мемлекеттік арналардың бірінен жігіттің: “егер келісім бермесең, сені алып қашамын” деген сөзін естідім. Бұл — әйелдердің құқықтарын өрескел бұзуды ашық түрде насихаттау. Мемлекеттік телеарнада мұндай дүниелердің эфирге шығуы мені қатты қынжылтты”, — деді депутат.

Сондай-ақ ол “дәстүр” деген желеумен қызды күштеп алып қашу немесе еркінен тыс үйде ұстау қылмыс екенін атап өтті. Әбеновтың сөзінше, мұндай әрекетке қатысы бар адамдардың бәрі заң алдында жауап беруі керек.

Еске салайық, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған жаңа заң күшіне енді. Бұл- еліміздегі құқықтық жүйеде үлкен жаңалық және қоғам үшін аса өзекті қадам.

қылмыстық кодекстің 115-1- бабына сәйкес, сталкинг жасаған адамға келесі жазалар қарастырылған:

  • 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылы шамамен 786 400 теңге) айыппұл,
  • 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту,
  • Немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау.

Бұл түзетулер Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға бағытталған өзгерістердің бір бөлігі. Бұған дейін Қазақстан заңнамасында сталкингке арнайы бап қарастырылмаған еді. Енді мұндай әрекеттер нақты сипатталып, оларға қарсы нақты шаралар қабылданатын болды.                                                                    


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар