Мемлекеттік қызметті электронды жүйеге көшіру өз жемісін беріп жатыр

Dalanews 21 қыр. 2016 04:08 785

ҚР АКМ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанға көшіруді белсенді түрде іске асыратын болады.

Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөнінде баяндама жасады.

– Бүгін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінде 739 атау бар, олардың 530-ын электрондық үкімет порталы және Мемлекеттік корпорация арқылы алуға болады. Осы жылы ведомствоаралық комиссия отырыстарында қағаз түрінде көрсетілетін 209 мемлекеттік қызмет қаралып, олардың 53-і «Азаматтарға арналған үкіметке» берілді, – деді министр.

Сонымен бірге, ол қалған 156 қызмет өтініш иесінің өзінің қатысуын талап ететіндіктен, оларды көшіру әлі орынсыз. Мысалы, медициналық анықтамаларды, шекара жолағынан шығу және келу рұқсатнамаларын беру, ҚР азаматтарын шетелде есепке алу кезіндегі сияқты рәсімдер. Алайда, комиссияның мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанға көшіру бойынша жұмысы жалғасатын болады. Осылайша, жылдың аяғына дейін барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80% «электрондық үкімет» және мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын болатынын министр атап өтті.

Сондай-ақ, Д. Абаев Қазақстанда «электрондық үкіметтің» инфрақұрылымы толығымен жасақталғанын хабарлады. Порталды пайдаланушылар саны 5,5 млн. астам адамды немесе Қазақстанның 61% экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындарын құрайтынын алға тартты. Портал арқылы 147 млн. астам электрондық қызмет көрсетілген, транзакцияның жалпы сомасы 23 жарым млрд теңгені құраған. Негізінен бұлар – айыппұлдар мен салық төлемдері.

– Азаматтар үйлерінен шықпай, некеге тұру, баланың тууы жөніндегі жәрдемақы, балабақшаға кезекке қою сияқты қызметтерді ала алады. Сондай-ақ электрондық қызметтер мобильді қосымшада да қолжетімді. Кейбір анықтама түрлерін смартфон арқылы алуға болады, – деп атап өтті министр.

Баяндамадағы тармақтарының бірі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған өзіне Халыққа қызмет көрсету орталықтарын, Жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтарын, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтарын, Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталықтарын біріктірген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысы жөнінде болды.

Жүргізілген оңтайландыру нәтижесінде Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистерінің саны 270-тен 353-ке дейін өсіп, басқарушылық қызметкерлер саны 47,7% қысқарды, 126 ғимарат оңтайландырылған. Мемлекеттік корпорация арқылы 25 млн. астам қызмет көрсетілді.

Кедергісіз ортаны қамтамасыз ету үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету үшін қызметкерлердің барып қызмет көрсетуін іске асыруда. Сондай-ақ, Мемлекеттік корпорацияға мүмкіндігі шектеулі 376 адам жұмысқа орналасты, ишарамен сөйлеу бойынша 703 қызметкер оқытылды. Мұндай практика жалғасатын болады: Мемлекеттік корпорация жыл сайын кем дегенде 10 мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.

Министр мамандандырылған ХҚКО жұмысы бойынша қазіргі уақытта 488 мыңға жуық жүргізуші куәлігі берілгенін хабарлады. Көлік құралдарын тіркеу және агрегаттарды біруақытта салыстырып тексерумен мемлекеттік нөмірлерін беру процесі оңтайландырылды. 1,9 млрд. теңгеге 6 мыңға жуық сұранысы жоғары нөмірлер берілді. Халыққа ыңғайлы болуы үшін мамандандырылған ХҚКО-да медициналық қызметкерлердің қызметі (дәрігер комиссиясы, нарколог, психиатор) қамтамасыз етілген.

Министрдің сөзінше, жоғарыда аталған барлық жұмыс жаңа «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалғасатын болады.

 

«ҚмД» ақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар