“КСРО? Қызыл империя бәрібір құрдымға кететін еді. Құзға құлаудың аз алдында тұрған жүйені құтқару мүмкін емес. Оның ғұмырын ұзарта түсуге талаптану, жүйенің күйреу процесін жеделдете түседі.
Биліктің іріп-шіруі – осы жүйенің төбе басында отырған элита өз сөзіне өзі сенуден қалып, “жарқын болашақ” туралы жылдар бойы қақсаумен келген жалаң ұраннан күдер үзгенде басталады”, – дейді Сәтпаев.
Оның пайымдауынша, 70-80 жылдары советтік партноменклатурада идеологиялық тұтастық болған. Алайда сол кездің өзінде қоғамда өзгеше ойлайтын аудиторияның қарасы көбейе бастаған. Кейін бұл синдром элитаға да жұғып, күллі КСРО-ға ауа жайылған. Империяның ыдырау процесі осылай басталған.
“Сол тұстағы элита халықтың көз алдында құлдырай бастады. Аяқ жақтағы аудитория жалаң ұраннан жалығып, ешқандай игілігі жоқ идеологиядан жиренетінді шығарды. Бұл жоғары жақтағы, мәңгі жасайтындай көрінген Коммунистік партияның шаңырағын шайқалтты.
Сталиннің тұсындағы билік командалық-әкімшілік жүйеге бағынған еді, партияның ақ дегені алғыс, қара деген қарғыс-тын. Билік бір адамның қолында шоғырланды. Алайда одан кейінгі Хрущев пен Брежневтің дәуірінде және КСРО-ның ақырғы күндеріне дейін Қызыл империя жемқорланған бюрократияның қолында болды.
Сол тұстағы экономистердің сөзімен айтқанда “бюрократиялық нарық” қалыптасты. Анығы, қомағайлар қолымен құрылған нарық деген дұрыс болар”, – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша Горбачевтың тұсында бұл нарық тамырын тереңге жайып үлгерген.
Коммунистік партия қатарындағы “түк көрмеген” шенді-шекпенді тек тонаумен айналысқан. Пара алу, пара беру қалыпты дүниеге айналған.
КСРО шекпенінен шыққан елдердің атқамінерлері жемқорлыққа дайын күйінде келген, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы жекешелендіру науқаны олардың мемлекет мүлкін талан-таражға салуда “тәжірибесі” мол екенін дәлелдеп берген.
90-шы жылдардың басында егемендік алған елдердің еңсе тіктей алмай, үнемі дағдарыста жүруін осы фактормен байланыстыру қажет.
Сөй деген Сәтпаев КСРО-ның болашағына қатысты өткізілген референдумда көпшіліктің Совет үкіметінің сақталуын қолдап дауыс беруі шын мәнінде шынайы болмағанын айтады.
“Халық белгісіздіктен қорықты. Совет үкіметін ұнатқандықтан қолдаған жоқ. Бүгінгі күніне көңілі толмайтын көпшілік болашағына да үреймен қарайды.
Автократиялы, диктатуралы жүйелердің ең үлкен дерті - халықтың үнсіздігін, қазіргі тілмен айтқанда толеранттылығын саяси жүйені қолдағанның белгісі ретінде қабылдайды. Үнсіздік мұндай жүйе үшін – ең үлкен қауіп!
Қоғамда әділетсіздікке күйінген, ашуға булыққан аудиторияның саны артқан сайын биліктің орынтағы шайқала бастайды. Билікпен бетпе-бет келуге қаймықпайтын қауымның үлесі арта түседі.
Осы аудитория дүр көтерілу үшін жүйеге қарсылық өзінің кемеліне келіп, шекті деңгейіне жетуі керек”, – дейді Сәтпаев.
Саясаттанушы бұл арада саяси талаптарын алға тартып, алаңға шығатын азаматтарды сөз етіп отырмағанын ескертіпті. Оның айтуынша мұндай шоғыр барлық елде бар. Алайда билікке қауіп төндіретін бұлар емес. Қарсылығын үнсіздік арқылы білдіретін аудитория жүйенің түбіне жетуі мүмкін.
“Кеңес одағының қирауына экономикалық проблемалардан бөлек, “ас үйдегі демократия” түрткі болды. Империяға қарсы сөйлеген диссидентерттің туындылары Лениннің бес томдық еңбегінен бес есе қымбатқа қымбатқа бағаланды.
Автократ жүйелердің жетекшілері өзіне ода арнағандарға көңіл бөледі де, осы жүйені кім қорғайды деген сауалға бас қатырмайды. Биліктің жасаған ісіне халықтың көңілі толмаса, сенбесе бәрі бекер.
Айталық, КСРО қираған тұста Компартияның 17 млн-ға тарта мүшесі болды. Соның бірде-біреуі Совет үкіметіне ара түспеді. Тек КГБ мен Ішкі істер министрлігінің ішінара құрылымдары ғана Коммунистік партияның “мұрасын” сақтап қалуға тырысты.
Себебі неде? Себебі Коммунистік партия қатарына өткен миллиондаған белсендінің бәрі шетінен мансапқор еді, олар партия қатарына қосылуды баспалдақпен жоғары өрлейтін мүмкіндік ретінде қарастырды, оның идеологиялық бағытына бас қатырған жоқ.
Байқасаңыз, Қазақстанда да осыған ұқсас тренд қалыптасқан. Билікке мемлекетшілдер емес, атақ құмар, лақап құмарлар барып жатыр.
Осы себепті де біз отыз жыл бойы дағдарыста, күйзелісте өмір сүріп келеміз. Кризис менеджер? Жоқ, ондайды кездестірген жоқпын.
Қандай да бір қиындық туса, ақырғы шешімді күтіп, ел басшылығының аузына қарап отырғанымыз. Өйткені біз сөз еткен мансапқұмарлардың бойында мәселені шешуге деген талпыныс, ынта-ықылас атымен жоқ.
Олар әрдайым жоғарыдан бұйрық күтеді. Бұйрық келмейінше саусақ ұшын да қозғалтпайды. Өздігінен шешім қабылдауға, проблеманың түбіріне үңілуге ой-өресі, қарым-қабілеті жетпейді, себебі.
Мұндайларды мемлекетшілдік атты қастерлі құндылық қызықтырмайды, мемлекетшіл болу олардың түсінігінде креслоның құнымен өлшенеді. Олардың есіл-дерті мансапқа ұмтылу, бір қызметтен бір қызметке қарғу, мақсаты да, мұраты да осы. Билік мұндайларға қалай арқасүйейтіні белгісіз…”, – деп түйіндеген екен сөзін Досым Сәтпаев.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ