Мемлекетіміз байсалды саясат жүргізуде    

Мемлекетіміз байсалды саясат жүргізуде    
 Қазіргі сәтте мемлекетіміз өте байсалды, ұқыпты саясат жүргізуде. Рас, ресейліктердің басына қиындық түсіп, елімізге мыңдап келіп жатқанын білеміз. Бірақ біз оларды қонақжай халық ретінде қабылдадық па, енді осы жолымыздан таймауымыз тиіс.

Кей кезде біз мақтайтын Еуропа елдерінің өзі қазақ халқы ұқсап көпке құшағын жая бермейді. Біздің жанашыр, адал жұрт екенімізді осыдан аңғарса болады.

Бұл тұста еліміздің әр азаматы ұстамды, байыпты һәм салмақты болуы қажет. Мемлекеттік ұйымдардың мойнында да жауапкершілік бар. Қонақтарды қадағалап, қырағылық көрсетуі керек. Ресейліктер қамқорлық көрсетейік, өйткені олар елімізде көп жүрмейді, әрі кетсе – 90 күн.

Жақсылық жасау қазақтың қанына сіңіп кеткен. Ең бастысы, арандатушылар келіп арамызға жік салмаса болғаны. Әрине, өзге жұртқа қолдан келгенше көмекті аямау керек, бірақ жайылып төсек болмауымыз тиіс.


Әр азамат өзінің мемлекет алдындағы жауапкершілігін, қадірін ұқсын. Сабырлы әрі ақылды болсақ, біз алмайтын асу жоқ. Тыныштық, бейбітшілік, ауызбіршілік – халықтың бар байлығы. Осы байлықты сақтауымыз тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өте білгір саясаткер, дипломат маман. Еліміз соның жемісін көруде. Тату-тәтті болып, еліміздің басшысын қолдай білсек, тұрақтылықты қамтамасыз ете білсек, елдің жайын бір адамдай ойлай білсек – сөзсіз өркендейміз.

Сондықтан сөзді көбейтіп, бөсіп жүре бергенше еліміздің жарқын келешегі үшін әр азамат тер төксін!

Жоламан Тұрсынбаев,


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор