Мемлекет мұқтаж жандарға ғана атаулы қолдау көрсетеді

Самал Асқар 06 қаң. 2026 11:08

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің тарифтік саясатқа қатысты бағдарламалық сұхбатынан кейін бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Отырыста фискалдық саясатты қайта қарау қажеттігі айтылды. Үкімет бақылауға негізделген тәсілден серіктестікке бағытталған модельге көшуі тиіс. Бұл қадам экономикалық жүйедегі қалыптасқан теңсіздіктерді азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар энергетика және коммуналдық сектордағы қабылданған шешімдерді уақтылы әрі сапалы іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Премьер-министрдің айтуынша, әділетті тарифтік саясат әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.

«Әділетті тарифтер – оны іске асыруға бағытталған нақты қадам. Мемлекет өз кезегінде шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана тікелей қолдау көрсетеді», – деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі не мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны нақты жүзеге асыруды бастау тапсырылды.

Үкімет бұл шаралар тарифтік саясаттағы ашықтықты арттырып, әлеуметтік әлжуаз топтарды қорғауға бағытталғанын атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар