Мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздік әлсіз – депутат дабыл қақты

Мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздік әлсіз – депутат дабыл қақты
мәжіліс
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Қазақстандағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтеріп, мектептер мен балабақшалар маңында патрульдеуді күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Dala News.
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Қазақстандағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтеріп, мектептер мен балабақшалар маңында патрульдеуді күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Dala News.
 
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта ата-аналар мен қоғамды алаңдатқан қауіпсіздік деңгейі бірізді стандарттың жоқтығын көрсетіп отыр. Көп жағдайда оқу орындарындағы күзет қызметін зейнет жасындағы адамдар атқарады, ал төмен жалақы салдарынан бұл салаға кәсіби мамандарды тарту қиын.
 
Сонымен қатар, елдегі білім беру ұйымдарының басым бөлігінде кіріп-шығуды бақылауға арналған техникалық құралдар жоқ.
 
«Көптеген мектептер мен жоғары оқу орындарында металл іздегіш секілді қарапайым тексеру жабдықтары да қарастырылмаған. Бұл – үлкен олқылық», – деді депутат Мәжіліс отырысында.
 
Самат Нұртаза Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде болған соңғы оқиғаны мысалға келтірді. Ол кезде студент оқу орнына пышақпен кіріп, оқытушыға шабуыл жасаған. Бұған қоса, жыл басынан бері әлеуметтік желілерде білім беру ұйымдарына қатысты жалған шабуыл туралы хабарламалар бірнеше рет тараған.
 
«Мұндай қауесеттер ата-аналар, студенттер мен ұстаздар арасында жаппай үрей туғызды. Бұл да қауіпсіздік жүйесінің әлсіз екенін көрсетеді», – деді депутат.
 
Осыған байланысты депутат бірқатар нақты ұсыныс айтты. Атап айтқанда:
•білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне арналған бірыңғай ұлттық стандарт енгізу;
•балабақша мен мектептерді күзету қызметін тек арнайы лицензиясы бар ұйымдарға тапсыру;
•барлық білім беру мекемелерінде, соның ішінде балабақшаларда міндетті тексеру жабдықтарын орнату;
•оқу орындары орналасқан аумақтарда полиция патрулін күшейту.
 
Депутаттың пікірінше, бұл шаралар балалар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы алаңдаушылықты азайтуға мүмкіндік береді.