Алматыда конституциялық түзетулер қолдау тауып, олардың мәні түсіндірілді

Самал Асқар 06 ақп. 2026 17:22

Алматы қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өкілдерінің қала Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Dala News.

Кездесу барысында қоғамдық талқылауға шығарылған Конституцияға енгізілетін түзетулер, сондай-ақ жаңартылған мемлекеттік-құқықтық модельді қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлі кеңінен талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдап, бұл реформаны елдің саяси жаңғыруындағы негізгі кезеңдердің бірі ретінде бағалады.

Талқылау кезінде билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктерді кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мәселелері қозғалды.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи конституциялық реформалар аясында ашық әрі жауапты қоғамдық диалогтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, реформалардың тұрақты әрі заңды жүзеге асуы қоғамның белсенді қатысуына тікелей байланысты.

– Сындарлы сынға шектеу болмауы тиіс. Ашық талқылау мүмкіндігінің өзін қоғамдық құндылық ретінде бағалауымыз қажет. Тек диалог арқылы ғана қоғам қабылдайтын және ұзақ мерзімде тиімді жұмыс істейтін шешімдерге қол жеткізуге болады, – деді Ермұрат Бәпи.

Сонымен қатар ол реформалар кезеңінде қоғамдық келісімді сақтау және сезімтал тақырыптар төңірегінде алыпсатарлыққа жол бермеу қажеттігін атап өтті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің сыртқы сын-қатерлер жағдайында елдің тұрақтылығы мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

– Жаңа Конституция жобасында жаһандық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттің қауіпсіздігін, тұтастығын сақтауға арналған тетіктер қарастырылған, – деді ол.

Кездесу барысында Конституция преамбуласының мазмұнына да ерекше назар аударылды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Үнзила Шапақ преамбула Ата заңның құндылықтық бағытын айқындайтынын атап өтті.

– Конституция – мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің көрінісі. Сондықтан преамбулада ұлт бірлігі, мемлекеттің унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастық нақты бекітілуі тиіс, – деді ол.

Қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстанның саяси және әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтіп, осы өзгерістердің қазіргі заман талаптарына жауап беретінін жеткізді. Сондай-ақ жастарды талқылау процесіне белсенді тарту мен реформалардың мәнін қоғамға түсінікті тілде жеткізудің маңызы айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық түзетулерді қолдап, мұндай диалог алаңдары сарапшылар мен қоғамдық қауымдастықтың пікірін ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove