Қазақстан мектептеріне дене шынықтыру пәніне жүзу сабақтарын енгізу жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрлігі жаңа пилоттық жобаның қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқу-ағарту министрлігі суда жүзуді үйрету бойынша пилоттық жобаны Астана мен Алматы қалаларында іске асыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Сабақтар мектеп бассейндері, жақын маңдағы спорт кешендерінде де өткізіледі. Әрбір мектеп үшін инфрақұрылым мен логистика мүмкіндіктері ескеріле отырып жеке тәртіпте белгіленеді.
Министрліктің айтуынша, алғашқы кезеңде жаңа бассейндер салу жоспарланбайды. Мектептер қазіргі бар спорт кешендерімен жұмыс істейді.
Жоба әзірлеу кезеңінде тұр. Барлық мәселелер толық пысықталғаннан кейін шамамен 2026 жылдың қыркүйегінде басталуы жоспарланып отыр.
Сабақтарға төлем мемлекет бюджетінен қарастырылмаған. Жоба Qazaq Aquatics су спорты түрлері федерациясының қолдауымен жүзеге асырылады. Федерация өз мойнына мыналарды алады:
бассейндерді жалға алу;
қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету;
бассейндер мен спорт ұйымдарымен өзара әрекеттестікті үйлестіру.
Әрбір мектепте жобаға қатысу шарттары жеке тәртіпте келісіледі.
