Мектеп салумен мәселе шешіле ме? Сарапшы білім жүйесіндегі басты олқылықты айтты

Мектеп салумен мәселе шешіле ме? Сарапшы білім жүйесіндегі басты олқылықты айтты
Фото: gov.kz

Қазақстанда кейінгі жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. 2025 жылдың өзінде елде 196 мың оқушыға арналған 200-ден астам мектеп пайдалануға берілген. Алайда жаңа мектептердің көбеюі білім сапасының артуына бірден кепіл бола алмайды. Бұл туралы білім саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Жазира Асанова айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшының сөзінше, бүгінде басты мәселе қанша мектеп салынғанында емес, олардың айналасында тиімді білім беру ортасын қалыптастыра алуда.

Айтуынша, халықаралық тәжірибе заманауи инфрақұрылымның өзі жоғары нәтижеге жеткізу үшін жеткіліксіз екенін көрсетеді. Білім сапасына мектеппен қатар ата-аналар, мұғалімдер, жергілікті қауымдастықтар, мәдени ұйымдар, бизнес пен мемлекеттік институттардың өзара байланысы да әсер етеді.

Жазира Асанова Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 2026 жылғы зерттеуіне сүйене отырып, білім беру реформалары көбіне қаржы тапшылығынан емес, олар жүзеге асырылатын ортаның ерекшеліктерінен қиындыққа тап болатынын атап өтті.

Сондай-ақ сарапшы білім саласындағы беделді зерттеуші Джон Хэттидің еңбектеріне тоқталды. Оның пікірінше, оқушылардың жетістігіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі – педагогтердің ұжымдық тиімділігі, яғни мұғалімдердің әр баланың нәтижесіне бірлесіп ықпал ете алатынына деген ортақ сенімі.

“Баланың жетістігі тек мектепке байланысты емес. Оның нәтижесіне ата-аналар, мұғалімдер, тәлімгерлер, жаттықтырушылар, мәдениет өкілдері, бизнес және жергілікті билік те ықпал етеді. Осылардың барлығы білім беру экожүйесін қалыптастырады”, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстандағы білім беру жүйесінің негізгі мәселелерінің бірі – білім беру үдерісіне қатысушылар әрекетінің толық үйлеспеуі.

“Мектеп оқу бағдарламасынан бір талап алса, бағалау жүйесінен екінші талап алады, ата-аналардың күтулері мен еңбек нарығының сұраныстары да бөлек болуы мүмкін. Мұндай жағдайда өзгерістер баяу енгізіліп, күш-жігер қайталанып, мектеп пен мұғалімдерге қойылатын талаптар бір-біріне қайшы келе бастайды”, – деп түсіндірді ол.

Сарапшы Финляндия мен Сингапур секілді елдер білім беру бағдарламаларын, бағалау жүйесін, педагог даярлау ісін және еңбек нарығының сұранысын ондаған жыл бойы үйлестіріп келгенін атап өтті.

“Мектептердің дамуына мемлекетпен қатар бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар да белсенді қатысуы қажет. Бұл болашақ мамандарды даярлауға, кәсіби бағдар беру мен тәлімгерлік бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік береді”, - дейді ол. 

Сарапшының сөзінше, әлемдегі ең табысты білім беру жүйелерін ерекшелендіретін нәрсе – жаңа ғимараттар емес, баланың айналасындағы ортаның ортақ мақсатқа жұмыла білуі.

“Кез келген білім саясатына қойылатын ең маңызды сұрақ – бұл шешім балаға қаншалықты пайдалы? Мықты білім беру экожүйесі ересектер баланың болашағына қатысты ортақ ұстаным қалыптастыра алған жерде пайда болады”, – деді Асанова.