Еліміздің бірнеше өңірінде "Мектепке жол" акциясы аясында көрсетілетін көмекке қатысты ата-аналардың шағымы көбейді. Атырауда көпбалалы аналар өтініштерінің қабылданбағанына наразы, ал Түркістанда тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Шымкентте де қолдауға қол жеткізе алмаған аналар әкімдікке барып, мәселені шешуді талап етіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Мектепке жол" акциясы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетуге бағытталған. Алайда Атырауда осы көмекке өтініш берген бірқатар отбасы "бас тарту" туралы жауап алған.
Аналардың айтуынша, көмекке өтініш бергендердің арасында табысы төмен әрі бірнеше баласын бір мезетте мектепке дайындап отырған көпбалалы отбасылар бар. Алайда олардың өтініштері қабылданбаған. Ата-аналар бас тартуға нақты не себеп болғаны түсіндірілмегенін жеткізді.
"Мен 11 баланың анасымын. Биыл алты балам мектепке барады. Жолдасым жұмыс істейді-істемейді деп айта алмаймын. Ақшамыз қарызымыз бен тамағымыздан артылмайды. Алты баланы киіндіру оңай емес. Неге бас тартып жатқанын ешкім білмейді, себебін де айтпайды. Біздің айлық табысымыз – 200 мың теңге. Соның өзінде бас тарту келіп тұр", - дейді көпбалалы аналардың бірі.
Ал Түркістанда ата-аналар мектеп формасына берілетін көмекті алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, қаладағы Мансап орталығына құжат тапсыруға келген тұрғындар саны күн сайын артып келеді.
Автордың сөзінше, өтініш беру үшін электронды жүйе қарастырылмағандықтан, тұрғындар орталыққа өздері келіп, кезек күтуге мәжбүр. Кейбір ата-аналар екі апта бойы сабылып жүргенін, алайда әлі күнге дейін қажетті құжаттарын рәсімдей алмай отырғанын жеткізген.
Шымкентте де мектеп формасына қатысты мәселе көтерілді. Қажетті көмекті ала алмаған бір топ ана қала әкімдігіне жиналып, наразылығын білдірді.
Олар жаңа оқу жылы таяп қалғанын айтып, құжат қабылдау процесін жеңілдетуді және мәселені жедел шешуді сұрады.