Медиацияға басымдық беретін кодексі қабылданды

Dalanews 24 сәу. 2021 03:13 1009

ҚР жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, судьялар әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Яғни, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелері мен арыздарын, өтінішхат пен олар ұсынған дәлелдерімен шектеліп қалмайды. Бұл туралы Түркістан облыстық сотының судьясы Аянбек Тоқсанбаев брифингте мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, жиында дәлелдемелер мен әкімшілік істің өзге де материалдары назарға алынатындығы айтылды. Ал, кодекс 1-шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

– Сот қызметіне тың серпін беретін тағы бір заң – биылғы 29-маусымда Президент қол қойған «ҚР әкімшілік-рәсімдік процестік кодексі». Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға мұндай құқық берілмейтін. Сондықтан, судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын, – деді Аянбек Бекежанұлы.

Тағы бір жаңашылдық, сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады. Түркістан облыстық сотының судьясы Бүркіт Байдуллаевтың айтуынша, заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптардың дауы татуласу, медиациялық жолмен шешілсе, келісімі жазбаша түрде болады.

Мәмілеге келу шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпейді. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді. Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар