Медведевтің қоқан-лоққысы: Трамп ядролық қаруды әзірлеуге бұйрық берді

Сағыныш Сардарова 02 там. 2025 10:10

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен ядролық қақтығысқа түсуге толық дайын екенін мәлімдеді. Мұндай қатаң ұстанымға Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің агрессивті мәлімдемелері себеп болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Трамп бұл мәлімдемесін 1 тамызда журналистер алдында жасады.

"Ол ядролық қару туралы айтып отыр. Мұндай тақырып қозғалған кезде біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Біз толығымен дайынбыз", – деді Трамп.

Америка президентінің айтуынша, 1 тамызда кешке ядролық екі сүңгуір қайықты "тиісті аймақтарға" жіберуге бұйрық берген. Бұл шешімді ол Медведевтің "ойланбай айтылған әрі арандатушы сөздеріне" жауап ретінде қабылдағанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Дмитрий Медведев Telegram-арнасында АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары туралы ультиматумына қатқыл түрде жауап берген болатын. АҚШ Украинадағы ахуалды реттеу бойынша ілгерілеушілік болмаған жағдайда Ресей мен оның сауда серіктестеріне қосымша санкциялар салатынын мәлімдеген еді.

Трамп бұған жауап ретінде Медведевке "айтатын сөзін абайлап таңдау керек екенін" ескертіп, оны "өте қауіпті бағытқа бет алды" деп айыптады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар