Белгілі әнші Медеу Арынбаев өмірінде терең із қалдырған бір оқиғаны еске алып, қызына қатысты ішкі өкінішін бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесі бұл туралы "Хабар" арнасына берген сұхбатында айтқан.
Медеу Арынбаевтың сөзінше, марқұм жары Айгүл Арынбаева екінші сәбиіне жүкті болған кезде, ол дүниеге ұл келеді деп қатты сенген.
"Келіншегім екінші сәбиімізге жүкті болды. Жастық қой, бұл сәбиіміз де ұл болады деп сеніп, күттім. Босанатын уақыты жеткенде перзентханаға апарып, орналастырып, кері қайттым. Бір-екі күннен кейін босанады деп ойлап, достарымызбен тойлауды бастап кеттік. Әне міне, дүниеге келетін сәбиді ұл деп, тостымызды сол ұлға арнап отырғанбыз. Бір кезде телефон шырылдады. Тұтқаның арғы бетіндегі дауыс әйелімнің босанғанын айтып, "өмірге қызыңыз келді" деп құттықтады. Біртүрлі боп қалдым... "Жігіттер, ұл емес, қыз екен" дегенімді әлі күнге дейін кешіре алмаймын. Қазір қызымды әр сүйген сайын сол күнгі әрекетім үшін іштей кешірім сұрай беремін", – деді Медеу Арынбаев.
Әншінің айтуынша, бұл жағдай кейін өміріндегі үлкен сабақтардың біріне айналған. Ол бүгінде қызына деген махаббатын ерекше сезініп, сол кездегі сөзі үшін әлі де өкініш білдіретінін жасырмады.