Ұлттық қордан маусым айында күніне орта есеппен $9 млн сатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, маусымда теңге бағамы 1,3%-ға нығайып, бір АҚШ доллары 479,98 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі $392 млн-нан $369 млн-ға дейін төмендеп, жалпы сауда көлемі $8,1 млрд болды.
Маусым айында Ұлттық қордан валюта нарығына $200 млн сатылды. Бұл жалпы сауда көлемінің 2,6%-ын немесе күніне шамамен $9 млн құрады.
Сонымен қатар маусым айында Ұлттық банк Ұлттық қордан $460 млн сатып алып, оны 2026 жылдың соңына дейін ішкі валюта нарығында біртіндеп сатуды жоспарлап отыр.
Ұлттық банктің болжамынша, шілде айында Ұлттық қор есебінен биржада $200 млн-нан $300 млн-ға дейін шетел валютасы сатылады.
Ведомствоның мәліметінше, маусымда Ұлттық банк валюта интервенцияларын жүргізген жоқ. Ал квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті валюта түсімін сату көлемі шамамен $423 млн болды.
Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюталық үлесін сақтау мақсатында Ұлттық банк биржада $92 млн көлемінде шетел валютасын сатып алған.
Ұлттық банк қысқа мерзімде теңге бағамына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтағы ахуал және геосаяси жағдай әсер ететінін атап өтті. Сонымен бірге реттеуші икемді айырбас бағамы саясатын ұстануды жалғастыратынын мәлімдеді.