Математика майталманы

Dalanews 17 қаң. 2018 05:57 1381

Ұлағатты ұстаз Гүлжазира Нарбекова туралы үзік сыр


Математика – жер бетінде екінің бірі меңгеріп, қолтығынан ұстап, бауырына тартып ала қояр оңай құбылыс емес. Жалынан оңайлықпен ұстата қоймас күрделі ғылым, тұңғиық сала.

Ортада жүрген жүз емес, мың адамның бірлі-жарымының ғана өресі жетіп, санасы иліктіре алар математика біреулер үшін әлі де шешуіне, түбіне, түбіріне жете алмай жүрген қиын да күрделі әлем, ал біреулер үшін мүлдем қол жетпес арман.
Осындай қиын саланы меңгерген Қазақстандағы, оның ішінде Оңтүстіктегі ең таңдаулы математиктердің бірі – Кентау қаласындағы «Дарын» мектеп-интернатында дәріс береді.

Біз бүгінгі тақырыпта осы қиындығы мен қызығы мол пәннің қыр-сырын толық меңгерген ұлағатты ұстаз, Кентау қалалық «Дарын» мектеп-интернаты математика пәнінің мұғалімі Гүлжазира Мырзанқызы Нарбекова туралы сөз қозғағанды жөн санадық.

Айта кетейік, Кентау қаласындағы «Дарын» мектеп-интернаты ашылғалы бері Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республикалық деңгейде жоғары балл жинайтын үздік мектептердің қатарынан түспей келеді. Тіпті, қайбір жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ең үздік мектептердің алғашқы үштігіне енді. Әсіресе, ауыл балаларының ішінен дарынды балаларды жинап, білім беретін бұл мектептің оқушылары талай халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Айналып келгенде мұның барлығы сол білім ұясындағы мұғалімдердің жемісі екені сөзсіз. Себебі, егер оқушы дарынды болса, онда мұғалімге екі есе қабілеттілік қажет. Бұл тұста жай мектептің мұғалімдеріне қарағанда, «Дарын» мектеп-интернатының ұстаздары екі есе еңбектенетінін айта кеткеніміз жөн. Ал Гүлжазира Мырзанқызы – осы мектеп жетістіктерінің ең басында тұрған, еселі еңбектерімен ерекшеленетін ұстаздардың бірі әрі бірегейі десек, артық айтқандық емес.



Шыны керек, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстарының халқы, Оңтүстіктегі Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандары, тіпті Түркістан қаласы тұрғындарының көпшілігі балаларын осы мектепке оқытқысы келеді. Өйткені, бұл білім ошағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысына сәйкес ОҚО бойынша ең жоғары көрсеткіш көрсетіп отырған мектептердің қатарында болса, республика бойынша «Қазақстандағы ең үздік 10 мектеп» қатарынан көрініп келеді. Оның үстіне, мұнда жауапкершілігі мол, өз мамандығын терең меңгерген әрі сабағына үлкен дайындықпен келетін, әрбір сабағы тартымды да қызықты, озық үлгідегі әдістемелерді тиімді қолдана білетін ізденімпаз, жақсылыққа жаны құмар білікті ұстаз – Гүлжазира Мырзанқызы дәріс береді. Әлгінде айтқандай, көп ата-аналар балаларын осы мектепке бергісі келсе, олардың басым көпшілігі нақты математикадан балаларына Гүлжазира Нарбекова дәріс бергенін қалайды. Себебі, оның дарынды балалармен жұмыс жүргізуде тәжірибесі орасан зор. Оның оқушылары мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Әйтпесе, математика – қиын сабақ, әсіресе, көп ойлауды, логиканы қажет етеді.
Бір ерекшелігі, осы қиын дәрісті Гүлжазира Мырзанқызы түрлі ойындар арқылы өткізеді, оқушылардың ойлау қабілетін арттырып, жеңіл жолдармен түсіндіруге тырысады.

Міне, көрдіңіз бе, «мұғалім қандай болса, мектеп те сондай» демекші, егер мұғалім білімді болса, сол мектептен түлеген балалар да білімді, парасатты болып шығады. Сосын мұндай мектепке, мұндай мұғалімге ата-аналар қалай таласпасын?!

Негізі, бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа, ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан Гүлжазира Мырзанқызының атқарған істері ұшан-теңіз. Ол қызмет жасаған мектептің жұлдызы әрдайым жарқырап жанып, шәкірттері биік белестерді бағындырып жүреді. Өзі сондай парасатты, әділ, жан-жақты білімді, алыстан ойлайтын алғыр да ардақты жан. Онымен қоса, «Ұлы адам ұлық болмайды, мәуелі ағаш биік болмайды» демекші, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін өте қарапайым, кішіпейілдігі тағы бар. Гүлжазира Мырзанқызы қазақ баласының білімді болып, математика пәнін жетік меңгеріп, ел болашағының жарқын болуына үлес қосар тұлға болуын үнемі жан-тәнімен қалап жүреді. Ел болашағының жарқын болуы үшін ең бастысы білім керек екендігін жан-дүниесімен сезінген ол ұстаздық жолды, мұғалімдік мамандықты қасиетті мамандық деп санайды. Сондықтан болар, әрбір шәкіртінің жанына үңіліп, көкірегінде жылт еткен бір қасиетті байқаса оның шырағын жағып, жалынын лаулатуға тырысады. Үздіксіз кемелдікке ұмтылып, күн демей, түн демей, бойындағы жалынын, арман-тілегінің бәрін білім жолына арнаған жанның еңбегі мәңгілік өшпейтіні ақиқат.

Бір қуанарлығы, ғұмыр бойы білім саласының сардары болып келе жатқан Гүлекең әрбір балаға ерекше ықыласпен қарайды. Сабақтан тыс уақытта үлгерімі нашар оқушыларға қосымша сабақтар өткізіп тұрады. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіреді. Оның бойындағы білім мен ақыл-ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан оған әрбір шәкірті үлгі-өнеге ретінде қарап, «сүйікті мұғалімім, ұстазым» деп сыйлайды, құрметтейді.

Қазақтың біртуар ұлы, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы мұғалімдер жайында: «Ұстаздық – ұлы құрмет! Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да дәл солай құрметтеуіміз керек», – деген екен. Шынында да, бар саналы ғұмырын, жастық жолы мен күш қайратын, терең де телегей білімдерін шәкірттеріне арнаған ұстаздар қауымына берілген бұдан артық баға болмас. Осы орайда өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттерінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін аяулы ұстаз Гүлжазира Мырзанқызына шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілейміз.

Бір қуаныштысы, шынайы бақытын еңбектен тауып, білім беру ісіне күллі ғұмырын арнаған Гүлекеңе ұжымдағы әріптестері де, оқушылары да ерекше құрметпен, ізгі ілтипатпен қарайды. Ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Гүлжазира Нарбекова апайымызға шыққан биігіңізден ешқашан төмендемеңіз дегіміз келеді. Оның жеткен жетістігі, шыққан асуынан гөрі қоғамға берері мол. Бұған шүбәсіз сенеміз...

Серік ЖҰМАБАЕВ

 

https://dalanews.kz/31712

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар