Мәскеудегі мейрамханада болған жарылыс салдарынан Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы Александр Чайконың қызы мен күйеу баласы зардап шеккен болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.
Ресейлік «Верстка» басылымының мәліметінше, жарылыс кезінде жараланғандардың арасында 25 жастағы Мария Чайко болған. Басылым оны Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы Александр Чайконың қызы деп көрсетеді.
Сондай-ақ жараланғандар тізімінде 27 жастағы «Даниил П.» есімді азамат бар. БАҚ мәліметінше, әңгіме Мария Чайконың жұбайы Даниил Передрий туралы болуы мүмкін.
Бұған дейін Мәскеудегі Balzi Rossi мейрамханасында 1 тамыз күні кешке жарылыс болғаны хабарланған. Соңғы мәліметтер бойынша, бес адам қаза тауып, тағы 21 адам жарақат алған.
Украиналық және бірқатар тәуелсіз БАҚ-тың жазуынша, шабуылдың нысанасы Александр Чайко болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр. Алайда бұл ақпаратқа ресми түрде растау берілген жоқ.