22 наурызда белгісіз біреулер Мәскеудегі Крокус Сити Холл концерт залында адамдарға оқ жаудырды. Кейін концерт залында өрт шықты. Себебі оқ атқандар граната жарғаны белгілі болды. Қазір негізгі төрт күдікті де ұсталды.
Ал Сенаттың жалпы отырысынан соң ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстан бұл жағдайдан кейін қалай әрекет ететінін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жақында көршілес Ресейде болған қанды шабуылдан кейін елде де тексерістер басталғанын айтты.
"Халық көп жиналатын барлық нысанды қосымша тексеру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын тексерген нысандарға да бақылау үшін тексерістер жүргіземіз. Тексерілмеген нысандар болса, тексереміз. Барып иелерімен сөйлесеміз, техникалық нығайту мәселелерін қарастырамыз және ұсыныстар айтамыз. Бұл тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз", - деді Лепеха.
Айта кетейік, атыс "Пикник" рок-тобының концертіне бірнеше минут қалғанда басталған болатын.
"Залда жүрген адамдар атыстан қорғану үшін бірден жерге жатып қорғанды. Кемінде 15-20 минут жерде жатып, ақырындап сыртқа шыға бастады. Көбі қашып үлгерді", - деп жазды сол кезде ресейлік арналар.
Ал бұған дейін Мәскеу қаласының аудандық сотына Крокус-Экспо сауда ойын-сауық орталығында ауқымды террористік акт жасады деген күдіктілер әкелінген болатын. Кейінірек Басман аудандық соты террористер тобына қатысты алдын ала тергеу органдарының бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарауға кірісті.
Артынша сот ұсталған күдіктілерге 1 ай 28 тәулік мерзімге, яғни 2024 жылғы 22 мамырға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.