23 наурызға қараған түні Мәскеудегі Crocus City Hall концерт залында кемінде үш адам атыс шығарып, ондаған адам қаза тапты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соңғы мәліметтер бойынша, теракт салдарынан 60 адам қаза тапқан. Одан бөлек, 115 адам зардап шеккен, оның 60-ының жағдайы ауыр.
Терактке қатысты Ақорда мәлімдеме жасады. Ақорда мәлімдемесінде Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайтыны айтылған.
Президент терроризмді мүлде ақтауға болмайды деп санайды. Ол БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырады. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, қажет болған жағдайда, Қазақстанның құқық қорғау органдары ресейлік әріптестеріне көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті лаңкестік әрекет кезінде азаматтардың қаза табуына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Ресейде "Болашақ" және "500 ғалым" бағдарламасы бойынша бүгінде 32 қазақстандық азамат білім алып жатыр, 24 стипендиат Мәскеуде. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Барлық стипендиаттар байланысқа шыққан.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.
Телеграм арналарда терактке Украинаның қатысы барын жазғандар болған. Бұл ақпаратқа қатысты Украина мәлімдеме жасады.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңсе жетекшісінің кеңесшісі Михаил Подоляк "Крокус сити холлдағы" терактке Украинаның қатысы жоғын айтты.
"Нақтысын айтайын. Украинаның бұл жайттарға ешқандай қатысы жоқ", - дейді Подоляк.
Бұл туралы "Страна.ua" басылымы және "Украина Сейчас" телергам арнасы хабарлады.