Мәсімовке қатысты тағы бір іс Жоғарғы сотқа түскені рас па?

Көркем Алдабергенова 27 мам. 2024 10:01 3014

Жоғарғы сот өкілдері Кәрім Мәсімовке қатысты "жаңа іс туралы" қауесеттерге жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоғарғы сотқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі кассациялық тәртіппен түспеді және өндірісте жоқ. Бұл туралы ЖС Қазинформ агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты. 

Еске салайық, бұған дейін бірнеше медиа Кәрім Мәсімов ісі Жоғарғы сотқа түскенін жазған болатын.

Бұл туралы @witness_kz хабарлаған. Алайда Жоғарғы сотқа нақты қандай іс түскені белгісіз. Ол жаңа іс болуы да мүмкін немесе бұрынғы іске қатысты шағым түсірілген болуы мүмкін.

«Сот кабинетінде іс 2024 жылдың 16 сәуірінде басталатыны ғана жазылған. Судьяның аты-жөні белгісіз және іс қарауға алынды ма, жоқ па – ол да белгісіз. ҰҚК бұрынғы басшысының аты қате жазылса да қалған деректер дұрыс», - делінген жазбада.

Еске салайық, 2022 жылы 6 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімовке мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағып, ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша тергеуге алған еді. Сонымен қатар, оның орынбасарлары да күдікке ілінген. Сот процесі «аса құпия» түрде өткізілді. 

Былтыр 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті. 

Астана қалалық сотының ресми мәліметіне сәйкес, Сот шешімі бойынша ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Мәсімов 18 жылға сотталды. Ал оның орынбасарлары А.Садықұлов - 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес - 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ олар өмір бойы лауазымды қызмет атқара алмайды. Оған қоса, барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар