Мәсімов Тоқаевқа рақымшылық жасау туралы өтініш жолдады

Қаракөз Амантай 10 мау. 2024 10:24 81555

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов рақымшылық жасау туралы өтініш берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі уақытта ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шешімімен Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отыр.

"Иә, ол осы мекемеден 2024 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім туралы өтініш жолдаған" деп растады ҰҚК Informburo.kz сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру") және 366-бабының 4-бөлігі ("Аса ірі көлемде пара алу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны хабарланды.

Айта кетейік, Мәсімов 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған еді. Оған қатысты қылмыстық іс аса құпия грифімен белгіленді. 2023 жылдың сәуір айының соңында Астана соты оны мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді және билікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның үкімге шағымдану әрекеті сәтсіз аяқталды – апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар