Марқұм экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Мәскеу қаласында ұсталды. Бұл туралы марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев инстаграм-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның айтуынша, күдіктілер Мәскеуден табылып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Қазіргі таңда оларды Қазақстанға экстрадициялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
«Енді оларды елге беру мәселесі шешіледі. Дипломатиялық қиындықтар мен бірнеше азаматтықтың болуына байланысты барлық рәсімдер ұзаққа созылуы мүмкін», – деп жазды Қанат Сайлыбаев.
Еске салайық, 2024 жылғы 7 маусымда қазақстандық Қанат Сайлыбаев Германияда жүрген қарындасы Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткенін мәлімдеген. Айгүл Сайлыбаева — Астананың Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының түлегі болған.
Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық дипломаттардың жергілікті полицияға жедел түрде жүгінгенін, іздестіру шаралары басталғанын хабарлады. Ал 16 маусымда жоғалып кеткен қазақстандықтың мәйіті табылды.
2024 жылғы қазан айында Германия прокуратурасының өкілі бұл іс бойынша марқұмның енесі басқа мемлекет аумағында болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал қараша айында Қазақстанда Айгүл Сайлыбаеваның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесіне іздеу жариялаған болатын.
