Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету ісі Қонаев қаласындағы Даңқ мемориалы жанында гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының Тыл ардагері, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Бұлын Рамазанова мен Ұзынағаш ауылындағы ҰОС ардагері Федор Ковалевты құттықтады.
Ардагерлермен кездесу барысында өңір басшысы олардың ерлігін ұлықтап, облыс тұрғындарының атынан алғыс айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, сыйлығын табыстады.

Қазіргі күні 2,5 мыңнан астам тыл еңбеккері өскелең ұрпаққа өнеге болып жүр. Байғабылов Тастемір (Қонаев қаласы), Мария Мұқанова (Қарасай ауданы),Сауранбаев Нариман (Райымбек ауданы), Галина Ляшева (Талғар ауданы), Шортанова Күлпар (Кеген ауданы) сияқты тыл ардагелері әлі де қоғамдық өмірге араласып, жастарға жол көрсетуде. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ешқайсысы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығынан, қоғамның сый-құрметінен тыс қалмауда.
Біздің бүгінгі басты міндетіміз – осындай аға буынның сұрапыл соғыс жылдарындағы ерліктерін барынша дәріптеу. Себебі, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі»!», – деді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, Алматы облысынан 40 мыңдай адам әскерге аттанған.
Көзсіз батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен 20 майдангерімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, облысымыздың 6 тумасы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.