Оған көз жеткізу үшін қыз-келіншектер бетін сүртетін мақта дисклерінің ортасын ашып қарасаңыз, арасында шаң-тозаңды байқауға болады екен. Тазалық сақтауға қажетті косметикалық заттардың бәрін бірінші сортты, сапасы жоғары мақтадан жасау керек екен. Дегенмен сырт елдердегі кәсіпорындар оны сақтай бермейтіні жасырын емес.
Осы ретте мақта өңдеу саласында ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатұан Түркістан мақта зауытының директоры Марат Молдымановқа «Елімізде бұл бағытта сіздермен бәсекелесетін кәсіпорындар бар ма?» деп сұрақ қойғанымызда мынадай жауап алдық.
– Бүгінде мақтаны өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындар Жетісай ауданда, Жамбыл облысының Қордай ауданында ашылған. Қазіргі таңда біздің жұмысымыз мақта бағасына тікелей байланысты. Биыл мақтаның бір тоннасы 1800 долларды құрады. Бұдан басқа Қазақстанның нарығына көршілес Өзбекстаннан мақтаның қалдықтары көп кіреді. Оның бағасы арзан. Сондықтан кейбір мақта зауыттары көрші елден келген сапасы төмен мақтадан өнім дайындауға тырысады. Бұл өз кезегінде тауардың сапасына кері әсер ететіні белгілі. Ал біздер тауарымыздың сапасын төмендетпеу үшін бірінші сортты мақтаны пайдалануға тырысамыз, – деп көкейде жүрген ойын ортаға салды.
Өкінішке орай, еліміздегі тұтынушылардың көпшілігі бірінші сортты мақта мен мақта қалдығынан дайындалған өнімді ажырата бермейді екен.
Dalanews.kz