«Мақтанатын жоба емес»: мәслихат депутаты ірі шіркеу құрылысына қарсы шықты

Самал Асқар 06 ақп. 2026 15:42

Астанаға кіреберісте ірі шіркеу салу бастамасы мәслихат депутаты Бауыржан Смаиловтың сынына ұшырады, деп хабарлайды Dala News.

Астана қалалық мәслихатының отырысында елордаға кіреберіс аумақта Орталық Азиядағы ең ірі шіркеу салу жоспары талқыланып, депутат Бауыржан Смаилов бұл бастамаға ашық қарсылық білдірді.

Депутаттың айтуынша, қалада түрлі конфессияларға арналған ғибадат орындары жеткілікті, ал елорда қақпасына ауқымды шіркеу салу қоғам үшін мақтанатын жоба емес.

«Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеу салынбақ дейді. Оған қаржыны кім бөліп жатыр? Ондай нысан бізге шынымен қажет пе? Біз бұл мәселені жан-жақты талдадық па? Қалада шіркеулер бар, үлкені де, кішісі де жеткілікті. Ал елорданың кіреберісіне осындай нысан салу мақтанатын жағдай емес», – деді Бауыржан Смаилов мәслихат отырысында.

Бұл сынға жауап берген Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков жобаның бұрыннан бекітілгенін алға тартты. Оның айтуынша, шіркеу құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен салынбайды.

«Бұл нысан бас жоспарға сәйкес қарастырылған. Мешіт болсын, шіркеу болсын бюджеттен қаржы бөлінбейді. Құрылыс қайырымдылық қаражат есебінен жүргізіледі. Аталған жоспар 2018–2019 жылдары бекітілген», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, Ришат Тұрдыбеков бұл мәселе бойынша кейінірек қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, елорда аумағындағы ірі құрылыс жобалары қоғамда жиі пікірталас тудырып келеді. Бұл жолы да қала келбеті мен қоғамдық сұраныс арасындағы тепе-теңдік мәселесі күн тәртібіне шықты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove