Мақтааралда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды

Dalanews 07 қар. 2018 15:16 752

Мақтаарал ауданының аппараттық мәжілісінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жергілікті жерде орындалуы мен алдағы уақытта бағдарлама бойынша іске асырылатын жоспарлар, жобалар және тұрғындарға мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілген қызметтер бойынша атқарылған жұмыстардың барысы тыңдалды.

Баяндама жасаған аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Ерлан Тұрымбетов аудан әкімдігінің дербес бөлімдері, кенттер мен ауылдық округтерде ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізіліміне» сәйкес, 97 қызмет түрі көрсетілгенін атап өтті.

Бөлім басшысы 2018 жылдың 9 айында 90627 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты. Оның ішінде қағаз жүзінде, тікелей – 19075 қызмет, халыққа қызмет көрсету арқылы – 29400 қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, электронды үкіметтің порталы арқылы жалпы саны 42152 қызмет көрсетіліп, ауданда электронды қызмет көрсету үлесі 46,5%-ды ғана құраған.

Аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, кенттер мен ауылдық округтері әкімдері аппараттарының ғимараттарында тұрғындардың «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары ашылған. Осы бұрыштарда азаматтар өзіне қажетті қызметті алу мүмкіндіктері бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұсынылатын қызметтерді «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды форматқа көшіру мақсатында, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің электронды түрде көрсету мүмкіндіктерін елді мекендерде тұрғындарға ақпараттық-насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін де бөлім басшысы еске салды.

«Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында «Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс» деп айқындаған. Мақтаарал ауданында бұл межені орындау үшін көптеген жұмыстарды атқару керек» - деді Е.Тұрымбетов.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар