Бүгін Мәжілістегі отырыста депутат Мақсат Толықбай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке және Әділет министрлігінің өкіліне эндаумент-қорларды құруға қатысты маңызды сауал қойды. Депутат қор құрылтайшыларының адалдығына күмән тудырмау қажеттігін алға тартып, бұрын сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшін сотталған тұлғаларға шектеу енгізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Саясат Нұрбек мырза, өз сөзіңізде эндаумент-қор — бұл қоғамдық сенімге негізделген қайырымдылық құралы деп айттыңыз. Енді бір моральдық этикалық тұрғыдан алғанда осындай қорлардың құрылтайшыларының адалдығы, қоғам алдындағы беделі зор маңызға ие болуы керек секілді көрінеді. Осы тұрғыдан келгенде сіздің позицияңыз қалай? Сонда бұрын жемқорлық, ауыр қылмыс жасағандарға ешқандай шектеулер болмай ма? Кез келгені фонд құра бере ме?“ — деді Мақсат Толықбай.
Саясат Нұрбек эндаумент-қорлардың құрылтайшылары мен қамқоршылық кеңесіне тек таза азаматтар кіруі керек екенін атап өтті.
“Бұл мәселе бұған дейін де ұсынылған, біз оны қазір қарап, тиісті түзетулер енгіземіз. Біздің ұстанымымыз осы бағытта”, — деп жауап берді министр.
Кейін сөз алған Әділет министрінің орынбасары Лаура Қанатқызы қолданыстағы заңнамада мұндай қор құрылтайшыларына нақты шектеулер қарастырылмағанын айтты. Алайда бұл мәселе алдағы уақытта Конституция талаптары мен Конституциялық соттың құқықтық позицияларын ескере отырып, талқылануы мүмкін екенін жеткізді.
“Сіз айтқан мәселе өте маңызды. Сондықтан нысаналы капитал құрылтайшысына шектеу қою мүмкіндігін қарастыратын боламыз”, — деді вице-министр.
Осылайша, қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайтын эндаумент-қорлар мәселесі енді Парламент деңгейінде қайта қаралып, заңнамалық тұрғыда нақтылауға бағыт алуы мүмкін.