Мақатаев оқулары мәресіне жетті

Dalanews 06 сәу. 2022 14:25 1104

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын оқушылар арасында кеңінен насихаттауға арналған байқау кезекті рет Алматы облысында жоғары деңгейінде өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Поэзия бәйгесі Талдықорған қаласындағы Ломоносов атындағы мектепте ұйымдастырылған Мұқағали оқуларына Алматы облысы білім басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімі, «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы мұрындық болды.

Мұқағали Мақатаевтың  91 жылдығының аясында жалауы желбіреген әдеби додаға облыстың әр аймағынан 63 оқушы қатысып, жырқұмар дарындылар үш аталым бойынша бақ сынады.

Қатысушылар «Айтып  өткен  ақында  арман  бар  ма?»  атты бағытта Мұқғали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқыса, «Жыр  эстафетасы» аталымында «Аққулар ұйықтағанда», «Алтай-Атырау», «Райымбек-Райымбек» поэмаларын жатқа айтты. Ал  «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды...» бағытында оқушы өз шығармашылығынан 3-5 шумақтан тұратын өлеңін  қазылар алқасының таңдауы бойынша оқыды.

Қазылар алқасы қатысушылардың тілінің тазалығы,  сахна мәдениеті, мүдірмей жатқа айтуына,  көркем оқуына аса мән берді.  Жарыс барысында әр оқушының өнер көрсетуінен кейін әділ қазылар ұпайларды көрсетіп отырды. Бағалаудағы шекті балл-10 ұпай болды.

– Жылдағы дәстүр бойынша Мұқағали оқулары өтті. Әр бағытқа 1 оқушы, аудан-қала  бойынша барлығы 3 үміткер ұсынылады. Бүгін мұзбалақ ақынның шығармаларына сусындап өскен жастар поэзия бәйгесінде бақ сынады. Өздеріңіз білесіздер, пандемия кезінде барлық жарыстар онлайн форматта ұйымдастырылған еді. Араға екі жыл салып үлкен байқауда бас қостық. Осы уақыт аралығында ұстаздар мен сайысқа қатысушылардың дайындықта біршама ақсағанын байқадық. Алдағы уақытта бұл кемшіліктерді түзетеміз, – деді Алматы облысы білім басқармасының бас маманы, қазылар алқасының мүшесі Руслан Арсланов.


5 сағатқа созылған байқауда кіл мықтының ішінен, шын жүйрік суырылып шықты. Әр бір оқушы қарым-қабілеті мен дайындық деңгейіне қарай жүлделі орындардан көрінді.

Сайыс қорытындысы бойынша, «Айтып  өткен  ақында  арман  бар  ма?»   аталымынды Ұйғыр ауданынан келген Мөлдір Ермұқанова, «Жыр  эстафетасы» бағытында Талғар ауданының намысын қорғаған Мадияр Ерқанат, «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды...» кезеңінде  Еңбекшіқазақ ауданының оқушысы Ербол Медетбекұлы жүлделі 1 орынды қанжығаларына байлады.

Жарыста қатарынан оқ бойы оза шауып,  республикаға жолдама алғандардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі-Мадияр Ерқанат.

«Мен «Жыр эстафетасына» қатыстым. Жарысқа дайындық барысы қызу өтті. Облыстық Мұқағали оқулары болғандықтан бәсекеде мықты болары анық. Дегенмен, өзімнің дайындығыма сендім. Алғашқы  айналымнан жүлдегер атанатынымды сездім» дейді Мұқағали Мақатаев оқуларының 1 орын иегері.

Әр бағыттағы жүлдегерлер санына келер болсақ, 2 орын-екеу, 3 орын-үшеу болды. Осылайша, поэзияны жанына серік еткендер лайықты тұғырынан табылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар