Маңғыстауда туризмді дамытуға бөлінген бюджет қаражаты талан таражға түскен

Маңғыстауда туризмді дамытуға бөлінген бюджет қаражаты талан таражға түскен
ЖИ/otyrar.kz

Маңғыстауда туризмді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу барысында "А" жеке кәсіпкерлігінің өкілі орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі негізсіз ұлғайтылған жалған құжаттаманы пайдалану арқылы Маңғыстаудағы демалыс базасының құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында 117,2 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны анықталған. 

Сонымен қатар, нысанның мемлекеттік қолдау шаралары қолданысқа енгізілгенге дейін салынғаны және көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмағаны белгілі болды.

Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастыру мақсатында жымқырылған бюджет қаражаты банк депозитіне салынып, нәтижесінде 5,6 млн теңге көлемінде қосымша кіріс түскен.

Ақтау қалалық сотының үкімімен жеке кәсіпкер аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру дерегі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.