Спикердің айтуынша, жыл басынан бері аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев елді-мекендерге барған жұмыс сапарында ауыл жастарымен еркін форматта кездесіп, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдап, жастар ресурстық орталықтарының қызметімен танысқан. Нәтижесінде, өңірдегі жастар ресурстық орталықтарында қаржыландыру көлемін арттыру туралы тапсырма беріп, бюджеттің көлемі артты.
Биыл жастар басқармасымен үкіметтік емес ұйымдарға 5 тақырып бойынша мемлекеттік грант ұсынылды. Бұл үшін Маңғыстаудың ынталы жастарын жан-жақты дамыту мақсатында бюджеттен 75 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттік грант аясында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Грант иегері атанған үкіметтік емес ұйымдар жастарды кәсіпкерлікке баулумен, Маңғыстау жастарына ортақ ақпараттық алаң құрумен, жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізумен, жастар театрының жұмысын үйлестірумен, сонымен қатар, жастардың тәжірибе алмасуын ұйымдастырумен айналысады. Жастармен жұмыс жүргізу Маңғыстау облысының әкімдігінің негізгі басым бағыты болып отыр. Айта кету керек, бұндай қолдау - маңғыстаулық жастар үшін үлкен мүмкіндік.
– «Болашаққа сеніммен» жастар лагерін, ауыл жастарына арналған «Ауыл кеші» мәдени жобасын, облыстық әлеуметтік идеялар байқауын, өңірлік дебат турнирін, облыстық стартаптар байқауын және бірқатар зияткерлік, ағартушылық және қоғамдық-мәдени жобаларды жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, жастардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында 40 шағын грант беріледі. Сәйкесінше, биыл өңірдегі жұмысшы жастар, студенттер, жас көшбасшылар, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылады, – деді Абылай Фазылбек.
Брифинг барысында спикер биыл Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қайта құрылғаны жөнінде де ақпарат берді.
– Жастар басқармасының алдында өңірдегі жастар арасындағы мәселелерді егжейлі-тегжейлі зерттеу, жастар қажеттілігін анықтау, жастар ресурстық орталықтары қызметінің тиімділігін арттыру және өңір жастарының әлеуетін көтеру міндеті қойылды. Аталған міндеттерді орындау мақсатында Маңғыстау облысындағы жастар саясатын дамытудың 2022-2023 жылға арналған кешенді жұмыс жоспары жасақталуда, – деді Абылай Фазылбек.
Ал жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Мұқаш Оралбай жобаларға тоқталып өтті.
– Жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс көлемінде «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Облыс бойынша 1500-ге жуық жас қамтылады. Жобаға қатысушылардың басым бөлігін әлеуметтік жағынан аз қамтылған жасөспірімдер құрайды. Жыл басында алғаш рет Ақтау қаласындағы сондай-ақ, қаланың кез келген жасы кешкі уақытта орталықта бас қосуға арналған «Кешкі шай» жобасы жүзеге асырыла бастады. 400-ге жуық жас қатысқан жоба тоқсан сайын ұйымдастырылады. Дәстүрлі түрде наурыз айында орталықтың «Mangystau Nauryz Fest – 2022» жастар фестивалі өтіп, фестиваль аясында 50-ге жуық мерген қатысқан садақ атудан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. «Jastar Books» жобасы қала тұрғындары мен қонақтарын, кітапсүйер оқырмандардың басын біріктірген шара. Мұнда кітап жәрмеңкесі, зияткерлік ойындар мен жас өнерпаздардың кеші ұйымдастырылды, – деді Мұқаш Оралбай.
Биыл өңірдегі жастар ұйымдарының қызметін жетілдіру, NEET санатындағы жастармен кешенді жұмыс жүргізу және жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша жұмыстарға да басымдық берілмек.
– Осы мақсатта облыстағы NEET санатына жататын жастардың нақты санын анықтау жүргізілуде және бірыңғай дерекқоры жасақталуда. Қазіргі таңда қолда бар мәліметке сәйкес, NEET санатына жататын 10000-ға жуық жас бар. Сонымен қатар, оларға арналған қоғамдық-мәдени, спорттық, ағартушылық бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Іс-шаралардың бағытына сәйкес топтық немесе адрестік жұмыс жүргізіледі, – деді Абылай Фазылбек.