Маңғыстаудағы оқушының жұмбақ өлімі: ауыл тұрғындары полицияға ашық хат жолдады

Сағыныш Сардарова 15 сәу. 2025 09:56 624

Маңғыстау облысындағы Ақжігіт ауылының тұрғындары Бейнеу аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан Ізкеновке ашық хат жолдап, ауылдағы оқушыларға қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, бір топ жас мектеп оқушыларын қорқытып, ақша бопсалаумен айналысып жүр. Бұл туралы жергілікті басылым жазды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Хатта оқушылар үлкендердің тапсырмасын орындауға мәжбүр екені, ал бас тартқандар соққыға жығылатыны жазылған. Тұрғындар бұл мәселе жайында ашық айтуға жүрексінудің арты қайғылы жағдайға әкеліп соққанын алға тартып, ауылда тәртіп орнатуды талап етті. Олар балалардың көшеде еркін жүруін, қауіптен қорықпай өмір сүруін қалайды.

Үндеуге 24 отбасы қол қойған. Барлығы да бұл жағдай кез келген баланың басынан өтуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр.

8 сәуірде Ақжігітте 11-сыныпта оқитын жасөспірім жұмбақ жағдайда көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне әлдекімдердің қатысы бар деп есептейді.

Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдікті ұсталғанын хабарлады. Істі облыс прокуроры жеке бақылауына алған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар