Мақсат – саяси-қуғын сүргінге ұшырап, бүгінге дейін ақталмағандардың санын анықтау. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі саяси қуғын – сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның құрамы мен ережесін бекітті.
«1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – халықтың жаһандық трагедиясы. Бұл ауыр жолда қаншама адам жанын пида етті. Қудалауға ұшырады. Облыста осы бағытта жұмыстар жүргізіліп, комиссияның құрамы мен ережесі бекітілді. Онда мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдерінен 7 адам, ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылардан 9 адам, азаматтық қоғам мен қоғам өкілдерінен 10 адам бар. Жыл басынан бастап комиссияның 4 отырысы өткізілді, –деді Аманғали Нұрдәулетов.
Сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдері және қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының қатысуымен Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған ауданында 4 көшпелі отырыс өткізілді. Кездесу барысында құжаттарды іздеу бағыттары анықталып, сұрақтар бойынша түсініктемелер берілді.
– Өңірлік комиссияға туыстарын оңалту бойынша 25 өтініш түсті. 39 адамның тізімі жасақталып, 8 адам ақталды. 31 адамның мәліметері іздестірілуде. Комиссияның ұсынымын орындау шеңберінде Маңғыстау облысының Полиция департаментімен бірлесіп, ақталған және ақталмаған қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың істері бойынша 3 арнайы қор құру бойынша шаралар қабылданды. Мұрағаттық құпия құжаттарды сақтау үшін Департаменттің 4-ші қабатында арнайы орын бөлінді. Мұрағат барлық нормативтік нормаларға сәйкес жабдықталған, – деді Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Минара Сәдімекова.
– Республикалық комиссияның ұсыныстарына сәйкес өңірлік 9 жұмыс тобы құрылып 11 қордың тізімін қалыптастыру жұмысы басталды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағаттық құпия құжаттарын зерделеу үшін комиссия құрамының 3 мүшесіне рұқсаттама алынды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелері 604 әскери тұтқындардың тізіміне және 478 қуғын-сүргінге ұшырағандардың тізіміне қатысты мәліметтерді зерделеу бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді өлкетанушы Алқажан Еділхан.
Әр азамат тума-туысқандары мен жақындары туралы мәліметтерді жіберуге толық мүмкіндігі бар. Ол үшін repressiyatizimi@mail.ru поштасына, «Саяси куғын-сүргін құрбандарын ақтау» Facebook парақшасына, «Маңғыстау облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» телеграм каналы мен 8(7292)30-44-22, 30-44-17 нөміріне хабарлассаңыз болады. Жолданған әрбір ақпарат Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві КММ-не келіп түседі.