Маңғыстауда карьер иелеріне экологиялық талапты бұзбау ескертілді

Dalanews 20 сәу. 2022 09:55 1074

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өңірдегі жер қойнауын пайдалану және карьерлердің жұмысына арналған жиын  өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға карьер иелері, жеке кәсіпкерлер, облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғам белсенділері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Басқосуда облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов өңірде орналасқан кен орындарын игеру мәселелеріне тоқталды.

Облыс аумағында 258 карьер бар. Соның ішінде 37-сінің жұмысы тоқтап тұр. Қалған 221 карьердің жұмыс жасауға толық мүмкіндігі бар, алайда 2020 жылдың есебі бойынша олардың 103-інде өндіру жұмыстары мүлдем жүргізілмеген.


Республика бойынша әктас тек қана Маңғыстау облысында өндіріледі.

Әктас-ұлутастың ірі кен орындары Қарамандыбас, Жетібай және Бейнеуде шоғырланған. Ал құрылыс тасының (щебень) кен орындары Таушық, Шетпе ауылдарының маңында орналасқан.

Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының маңында 29 карьер бар. Қазіргі таңда оның 11-і жұмыс істеп тұр. Жергілікті тұрғындар карьер иелерінің экологиялық талаптарды бұзғаны туралы бірнеше рет шағымданған.

Бұл мәселені Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Түкенов те растады. Оның айтуынша, экология департаменті тоғыз субъектіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде төрт карьер ұсақтау-сұрыптау қондырғыларының қызметін сот тәртібімен тоқтатып, оларға 30,0 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Сонымен қатар кәсіпорындардың басшыларына карьерлердегі шаңды басуға арналған арнайы су қондырғыларымен жабдықтау тапсырылған. Бұл әдіс – шаң көлемін 60-80% азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өндіріс аумағының ішкі жолдарына асфальт төсеу және шаң болмауы үшін автокөліктің дөңгелектеріне су сеуіп отыруға  нұсқау берілген. Алайда, бүгінгі күнге дейін қойылған барлық талаптар орындалмаған.

Зерттеу нәтижелері бойынша айына бір гектар жерге 58 келіден астам шаң түссе, бұл экологиялық жағдайға әсер етеді.


Жиында сөз алған аймақ басшысы кәсіпкерлерді қоршаған ортаға зиян келтірмей, заңнамада белгіленген барлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуге шақырды.

– Өкінішке орай, кейбір карьер иелері санитарлық нормаларды бұзып отыр, мұндай фактілер бар. Аудан әкімдігіне карьерден шығатын барлық жолдарға бақылауды күшейтуді және көліктерге шамадан тыс жүк тиелуіне жол бермеуді тапсырамын. Барлық меншік иелері өздерінің жауапкершілігін және қолданыстағы заңнаманың талаптарын, соның ішінде шаңды басу қажеттілігін білуі керек. Карьер иелерінің немқұрайлы қарауынан іргелес жатқан елді мекендердің тұрғындары зардап шегуде. Сондықтан бақылауды күшейту керек. – деді Нұрлан Ноғаев.

Жиын соңында аймақ басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар