Гүл қою рәсімі аяқталғаннан кейін «Мәңгілік алау» монументі жанына құрылған дала сахнасында «Бақыт қонсын еліме» вокалдық-хореографиялық қойылымы көрсетіліп, әрі қарай шара эстрада әртістерінің өнерімен жалғасты.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев барша маңғыстаулықтарды мерекемен құттықтады.
– Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін – батыр бабаларымызды еске алатын күн. Ел үшін, Отан үшін қаза болған бабаларымыздың рухына бас иеміз және арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне зор құрметпен алғыс білдіреміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ұмытпау – біздің қастерлі борышымыз!» деп айтқан болатын. Бейбіт күнге жеткізген батырларымызға құрметіміз қашанда жоғары. Маңғыстау облысынан Ұлы Отан соғысына 6 мыңнан астам адам қатысты. Соның 4800-і соғыс алаңында ерлікпен қаза тапты.
Бүгінде ортамызда жүрген қадірлі ардагерлерімізді Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына бақ-береке тілеймін.
Елімізде бейбітшіліктің аспаны әрдайым ашық, елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз баянды болсын! Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында Тәуелсіз Қазақстанымыздың көк байрағы көгімізде желбіреп, халқымыз тыныштықта өмір сүріп жатыр,– деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінде облыста 6 соғыс ардагері, 578 тыл еңбеккері тұрады. Биыл олармен Жеңістің 77 жылдығын бірге тойлап жатырмыз. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бір топ азаматтармен бірге Ақтау қаласында тұратын ардагерлер Асан Аймағамбетов, Ольга Заривняк, Василий Салазкин және Бисен Боқаевты құттықтап, Отан үшін күрескен ерліктері үшін алғыс айтты.
Айта кету керек, алты ардагердің екеуі Бейнеуде тұрады. Өз кезегінде Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов ардагерлер – Сәуірбай Базарбаев пен Алуадин Орақұлын мерекелерімен құттықтап, бүгінгі тәуелсіздігіміз бен бейбіт күніміз үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті.