Маңғыстауда «Ыбықты-Сай» шатқалында сенбілік өтті

Жарбол Кентұлы 17 сәу. 2024 10:27 2993

«Таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы аясында Ақтау қаласының белсенділері «Ыбықты-Сай» тарихи орнына тазалық жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.

Бұл акцияға облыстық «Жастар» ресурстық орталығының өкілдері және «Yessenov» колледжінің студенттері белсене қатысты.

– Маңғыстау облысы еріктілерінің ұйымдастыруымен «Ыбықты-Сай»  шатқалына сенбілік өткізуді ұйғардық. Киелі өлкенің көрікті жерлеріне саяхаттайтын туристер ағыны жыл сайын артып келеді, табиғат-Ананың қымбат қазынасы ретінде мұндай жәдігерлердің бастапқы қалпын бұзбай, жайнап тұруы тікелей бізге байланысты. Ұрпақтың жарқын келешегі туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады, – дейді ақтаулық еріктісі Амангүл Жамкен

«Ыбықты-Сай» шатқалы Ақтаудан 60 шақырым жерде орналасқан. Ол Қазақстанның ең терең ойпатында – Қарақияда орналасқан.

Бұл – шатқал табиғаттың ерекше туындысы. Көптеген адамдар оны ашық шатқал деп атайды. Миллиондаған жылдар бойы жаңбыр мен жел мүжіп, мінсіз мүсінделген шатқалдар көркімен көз тартады.

Таңғажайып лабиринттер мен аркалардың әлеміне енгендей күй кешесіз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар