Маңғыстауда көктемнің жаршысы саналатын Амал мерекесі кең көлемде тойлануда. Дәстүрге сай мерекелік шара өңірдің ең биік нүктесі саналатын қасиетті орындарының бірі – «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Мереке аясында «Амалдың ақ таңы» атты облыстық суретшілер пленэрі ұйымдастырылып, театрландырылған көріністер қойылды. Сондай-ақ, жергілікті өнер ұжымдарының гала-концерті мен 10-нан астам жыраудың қатысуымен жыр-терме кеші өтті.
Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен арнайы келген өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.
Дәстүрге сай, Отпан таудың биігінде «Бірлік оты» жағылды. Биыл бұл аманат Қосай ата ұрпақтарынан Тәзіке ата ұрпақтарына табысталды.
Ұлыстың ұйытқысы болған бұл күнде еліміздің әр түкпірі мен көрші мемлекеттерден келген ағайын бір-бірімен қауышып, ақ тілектерін арнады.
Мерекеге жиналған ел ақсақалдары Амал мерекесінің ата-бабамыздан жеткен тағылымды дәстүр екенін және бұл күннің – елдің бірлігін бекемдеп, татулығын арттыратын ерекше мейрам екендігін атап өтті.
Айта кетейік, Отпантауда 14 наурыз күні де мерекелік шаралар жалғасады. Бұл күні шашақ құлақты тазы иттердің жарысы, құнан бәйге, қазақша күрес, түйе палуан сайысы мен тоғызқұмалақтан ашық турнир өтеді. Бұдан бөлек, түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.