Жиында Маңғыстау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, жер қойнауын тиімді пайдалану, жеке тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған тұрғындар, сондай-ақ жайылымдық жерлерді анықтау мәселелеріне тоқталды.
Бүгінгі таңда облыстағы жалпы жер көлемі 16 миллион 564 мың гектарды құрайды. Оның 12 миллион 639 мың гектары жайылымдық жерлер. Соңғы екі жылда игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 2 миллион 406 мың 441 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қазақстан Республикасының жер қатынастары салсындағы заңдарына, мемлект басшысының тапсырмаларына сәйкес игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, қайтадан айналымға енгізу талабы бар. Осы бағытта 2021 жылы шаруаларға 145 мың 74 гектар жер берілді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарын күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Барлық уәкілетті органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы керек. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жерлерді тиімді пайдалану механизмін енгізу маңызды. Талаптар барлығына бірдей. Жер қатынастарына қатысты мәселелер тек қолданыстағы заңнама аясында шешілуі тиіс, – деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кету керек, бүгінгі таңда облыста пайдалы қазбаларға бай кен орындарын игеру мақсатында 258 келісімшарт тіркелген.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.