Маңғыстау облысының мемқызметшілері әдептілік жағынын үзідік үштіктің ішінде

Dalanews 21 сәу. 2021 08:50 825

2015 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің №153 Жарлығымен «Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже» бекітілген болатын. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген бұл институтқа биыл  5 жыл толды.

Әдеп жөніндегі уәкіл дегеніміз кім? Ол қандай функцияларды жүзеге асырады?  Осы мәселелерге қысқаша тоқталайын.

Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес (консультация) беретін мемлекеттік қызметші.

Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.

Ереженің талаптарына сәйкес, уәкілдің дербес лауазымы болады немесе оның функциялары мемлекеттік органдардың қызметшілеріне жүктеледі.

Мен қызмет жасайтын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары 19 қазан 2018 жылы өзіме жүктелген болатын.

 Осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар атқарылды? Қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін соңғы жылдарда атқарылған жұмыстардың статистикасына көз жүгіртсек.

Көрсетілген  мерзім ішінде мемлекеттік қызметшілерге, жеке және заңды тұлғаларға барлығы 128 консультациялық кеңестер берілді (111-і мемлекеттік қызметшілер, 17-і жеке немесе заңды тұлғалар).

Жеке қабылдауларда 134 тұлға өздерінің сұрақтарымен келген, оларға заң жүзінде түсіндірмелер берілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында аумақтық департаменттің қызметіне қатысты 400-ден астам жағымды мақала жарияланды.

Өзімнің құзырыма кіретін негізгі заңнамаларды және әдеп нормаларын түсіндіру бағытында 312 шара өткізілді. Негізгі шараларға семинарлар, лекциялар, бейнероликтер дайындау, газеттерде және интернет сайттарда мақала жариялау, теледидар, радиода сөз сөйлеу және т.б. кіреді.

Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде енгізген ұсыныстарым негізінде 39 мемлекеттік қызметші лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны және  жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін әр түрлі деңгейде көтермеленген (сыйақы беру, алғыс хаттар, грамоталармен марапаттау). Олардың арасында тек аумақтық депатаменттің ғана емес, басқа да мемлекеттік органдардың қызметшілері бар.

Бұдан басқа, департаменттегі моралдық-психологиялық ахуалды бақылап отыру үшін 6 айда кеміне 1 рет анонимдік сауалнама жүргізіліп отырады. Айта кету керек, соңғы 2-3 жылда бұл бағыттағы жағдай бірқалыпты және қызметшілердің берген бағасына сәйкес ахуал қолайлы (жағымды) деп бағаланып келеді.

Мемлекеттік органдағы ішкі ахуал дұрыс болмаса, бұл сол органның жұмысына, алға қарай дамуына, алдына қойылған міндеттерге қол жеткізуіне және басқа да көрсеткіштерге кері әсерін тигізері сөзсіз.

Ал ондай жағымды ахуалға қалай қол жеткізуге болады? Әлде ол өзінен-өзі қалыптасатын жағдай ма?

Әрине, жағымды моралдық-психологиялық ахуал өзінен-өзі қалыптасуы мүмкін емес. Келесі жасалған жұмыстар осы сұрақтарға нақты жауап бере алады.

Департамент қызметшілері арасында корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және персоналды дамыту бағытында шаралар кешенді түрде ұйымдастырылып келеді. Мысалы, жоғарыда аталған кезеңде 80-нен астам әр-түрлі шаралар өткізілді. Олардың қатарында, спорттық жарыстарға қатысу, өнер, мәдениет және қоғамға белгілі тұлғалармен кездесу, қайырымдылық шараларын өткізу, театр, кештерге ұжыммен бару, мерекелік шаралар ұйымдастыру, музей, тарихи орындармен танысу және т.б. бар.

Тек департамент емес, облыс көлемінде мемлекеттік органдардың қызметшілерін спортқа кеңінен баулу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Мысалы, Мемлекеттік  мекемелер  қызметкерлерінің арасында шағын футболдан «Мемлекеттік күзгі Лига» жарысы соңғы 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілер тарапынан үлкен қолдау тапты.

Бұдан бөлек, кәсіби мемлекеттік қызметші күні мерекесі қарсаңында спорттың бірнеше түрінен жыл сайын мемлекеттік қызметшілер арасында Спартакиада ойындарын өткізу дәстүрге айналған.

Осындай жарыстарды ұйымдастырып қана қоймай, оған өзімнің белсене қатысуым, осылайша департамент қызметшілерін спорттық шараларға кеңінен тартудың нәтижесінде аумақтық департамент соңғы Спартакиада ойындарында облыстық деңгейде командалық бірінші орынды иеленді.

Бұған қоса, 2019 жылы облыс көлемінде волейбол ойнынан құрама команда жасақтап, Павлодар облысында өткен мемлекеттік әкімшілік қызметшілер (ерлер) арасындағы республикалық турнирге қатысып қайттық. Аталған жарысқа қатысып топ жармасақ та тәжірибе жинақтадық, сонымен бірге, осындай республика көлемінде өткізілетін жарыстарды өзіміздің облысымызда да өткізсек деген ой түйдік. Спорттық шараларды өткізу барысында Ақтау қалалық және облыстық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен басқармасының қосқан үлесі орасан.

 2020 жылы пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шараларға сәйкес көптеген шаралардың жүзеге асуы кейінге қалды.

Айта кету керек, соңғы екі жылда аумақтық департамент қызметшілері тарапынан этика нормаларын бұзу, оларды тәртіптік жазаға тарту немесе жеке және заңды тұлғалар тарапынан қандай да бір шағымдар тіркелмеді.

Кез-келген сапалы әрі жүйелі атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін бермей қоймасы анық. Атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді.

Келесі маңызды мәселе, Әдеп жөніндегі уәкілдерге басшылар тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп отыруы қажет. Олай болмаған жағдайда, мен айтып отырғандай оң нәтижелерге қол жеткізу қиындай түседі. Аумақтық департаментке келер болсам, басшылық тарапынан тек қолдау ғана емес, кез-келген шараға өздері тікелей араласып, ұжыммен әрдайым бірге екендерін дәлелдеп келеді.

Жоғары тұрған Агенттік Төрағасы Анар Нұралықызының да көптеген «Игі істер уақыты» атты шаралардың бастамасы болып жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Ондай игі істерді өңірлерде де жалғастырудамыз.

Ағымдағы жылдың басынан бері жағдайы төмен бірнеше отбасына қажетті азық-түлікпен көмек көрсетілді. Мұндай шаралар тек бір реттік емес, жүйелі түрде қолға алынып келеді және алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Өзімнің мемлекеттік қызметтегі 20 жылдан астам тәжірибеммен қызметшілермен бөлісуден жалыққан емеспін. Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі тақырыбында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында дәрістер оқып тұрамын.

Басқа мемлекеттік органдардағы Әдеп жөніндегі уәкілдермен жұмыс барысында кездесіп, олардың жұмысын үйлестіру және ұйымдастыру бағытында консультациялық көмектер көрсетіліп, ұсыныстар беріліп келеді.

Осы жерде айта кету керек, соңғы 2020 жылғы «Қоғамдық пікір» зерттеу институтымен жүргізілген Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін айқындау туралы әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша ең жоғары орташа бағаны Қостанай (9,08), Жамбыл (8,05) және Маңғыстау облысы (7,96) әкімдіктері алып отыр. Яғни, Маңғыстау облысы алғашқы үштіктің қатарында.

Бұл да, жоғарыда аталып отырған кешенді жұмыстардың нәтижесі деп санаймыз.

Әрине, әлі де болса мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдептілікті сақтау, оның деңгейін көтеру бағытында көңіл бөлінуге жататын біраз мәселелер бар.

Соның ішінде, Әдеп жөніндегі уәкілдердің (әсіресе жергілікті атқарушы органдардағы) өз алдына дербестігін қамтамасыз етуді ұсынар едім. Себебі, уәкілдер мемлекеттік органның басшылығына тәуелді болуына байланысты, кейбір орын алған әдеп нормаларын бұзу деректерін объективті түрде қарай алмауы мүмкін. Бұл жөнінде біраз ұсыныстарымды Агенттікке жолдаған болатынмын, олар қаралу үстінде.

Алда да атқарылар жұмыстар аз емес. Ендеше "бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып" алға қойған мақсатымызға бірге жетелік. Қалай алып қарасақ та қызмет те, абырой да ортақ. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, кез-келген қиындықты бірге еңсеруге болады.

Олай болса, өңіріміздегі Әдеп жөніндегі уәкілдерге осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жаңа қарқынмен жалғастыруға шақыра отырып, жұмыстарыңызға сәттілік тілегім келеді. Әрбір күніміз жарқын сәттерге толы болсын, қадірлі әріптестер!

Ерлеген Мендалиев, Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі, әдеп жөніндегі уәкіл.

Ақпарат үшін: Аумақтық департаменттің әдеп жөніндегі уәкілімен            8/7292/30-30-05 жұмыс телефоны, ye.mendaliyev@kyzmet.gov.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға мүмкіндік бар немесе Ақтау қаласы, 31а ш/а, 5-ғимараттың сол жақ қанаты  2-ші қабатындағы кеңсеге келіп өтініш білдіруге болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар