Маңғыстау облысында билікті сынаған 11 баланың анасы сотталды

Қаракөз Амантай 08 қар. 2024 11:52 3173

Маңғыстау облысында билікті сынаған 11 баланың анасы, жаңаөзендік белсенді  Жадыра Досекееваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Информбюро” жаңалықтар қызметінің мәліметінше, көпбалалы ана қылмыстық кодекстің "телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл шартты жазаға кесілді және қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады. Сонымен қатар тұрғынға үш жыл бойы әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды.

Сот жаңаөзендік тұрғынның биыл сәуірде "TikTok" әлеуметтік желісінде жариялаған бейнежазбасын" әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздыруды негіздейді" деп бағалаған. Белсендіге қатысты қылмыстық іс биыл маусымда қозғалған болатын. Сот барысында прокурор оның бас бостандығын 4 жылға шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Ал сот айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп үш жыл шартты жаза кескен. Сондай-ақ, белсенді жазаны өтеу кезінде жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылады.

"Сотталушы Жадыра Досекеева өзінің кінәсін мойындамай соттан ақтау үкімін шығаруды сұрады. Жадыра Досекееваның кінәсі куәлердің жауаптарымен, психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысымен, істің басқа да құжаттарымен дәлелденді. Сот, Жадыра Досекеева-ға жаза тағайындау барысында асырауында кішкентай балаларының болуын қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады”, – делінген “Информбюро” жаңалықтар қызметіне жолдаған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар