Маңғыстау облысында 100 отбасыға арналған жаңа жатақхана пайдалануға берілді

Ақтоты Жапатова 12 нау. 2025 18:52 212

Бүгін, 12 наурызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында 100 отбасыға арналған тұрғын жайдың ашылу рәсіміне қатысты. Бұл пәтерлер әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлеріне қолжетімді баспана ұсыну мақсатында салынған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жалпы аумағы 2,6 гектарды құрайтын жаңа нысан екі қабатты жатақханадан тұрады. Мұнда бір және екі бөлмелі 100 пәтер қарастырылған. Оның 84-і бір бөлмелі, 16-сы екі бөлмелі. Сонымен қатар, жатақханада балалар ойын алаңы, спорт алаңы және автотұрақ бар.

Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай пәтер иелерін жаңа қоныстарымен құттықтап, бұл игілікті істің жүзеге асуына демеушілік жасаған компанияға алғысын айтты.

"Мемлекет басшысының шешімімен елімізде биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға, сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл жаңа жатақханада жас әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлерінің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Осы іске мұрындық болған азаматтарға алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта ауданды дамытуға қатысты жүйелі жоспарлар бар. Бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады", – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, аталған жоба NCOC компаниясының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар