Маңғыстау және Бейнеу станцияларында жаңа теміржол вокзалдары салынады

Ақтоты Жапатова 05 нау. 2025 10:07 295

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев 2024 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Адайбек Қалиевтің айтуынша, өңірде «Маңғыстау» және «Бейнеу» теміржол вокзалын реконструкциялау жобасы жүзеге асырылмақ. Жоспарға сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады.

Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 2025-2026 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасына «Маңғыстау-Бейнеу» және «Маңғыстау-Өзен» теміржол учаскелерін дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар енгізілді. Бүгінде облыстағы теміржол желілерінің өткізу қабілеті төмен. Атап айтқанда, «Маңғыстау-Бейнеу» учаскесінде тәулігіне 12-14 пойыз ғана өтеді, ал қажеттілік 20-22 пойызды құрайды.

Кешенді жоспар аясында облыстың теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, былтыр жергілікті маңыздағы 2 авто жол қайта жаңғыртылып, 4 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай басқарма басшысы Адайбек Қалиевке құрылыс мерзімі ұзаққа созылған бірқатар жолды тезірек аяқтап, тұрғындардың игілігіне беруді тапсырды.

Атап айтқанда, аудандық маңыздағы «Шетпе-Қызан» автожолының 49-85 шақырым және 85-110 шақырым учаскесінің реконструкциясы, «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала мекені» автомобиль жолын реконструкциялау және Ақтау қаласындағы «Шығыс-2, 3» шағынаудандарындағы автомобиль жолын салу жобалары.

Адайбек Қалиев аталған жобаларды жыл соңына дейін аяқтауға жұмыстанатынын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар