Жер реформасына қарсы өткен Атыраудағы митингіге қатысқаннан кейін қылмыстық баптар бойынша айыпталған азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға үкім шықты. Белсенділердің әрқайсысы бес жылға бас бостандықтарынан айырылды. Бұл туралы "Азаттық" сайты хабарлайды.
2016 жылы қарашаның 28-і күні Атырауда судья Гүлнәр Дәулешова азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға үкім шығарды.
Сот белсенділерді «араздық қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу тәрбітін бұзды» деп танып, әрқайсысын бес жылға бас бостандықтарынан айырды. Үкімде олардың үш жылға дейін қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынғаны да көрсетілген.
Үкімде Боқаев пен Аянға 250 айлық есептік көрсеткіш, яғни 530 мың теңге айыппұл салынатыны айтылған. Одан бөлек сот және сараптама шығыны ретінде үлестік тәртіппен белсенділерден 259 мың теңге қаражат өндірілетін болды.
Боқаев пен Аянның үкімі оқылған сәт:
Макс Боқаевтың қарындасы әрі қоғамдық қорғаушысы Жанаргүл Боқаева үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
- Әрине, шағым түсіреміз. Барлық инстанцияға жүгінеміз. [Билік] ақылға келеді деп сенеміз, - деді ол.
Боқаев пен Аянның сотына келген адамдардың көбі кіре алмай қалды. Ал кірген жұрт үкім оқылған сәтте наразылықтарын білдіріп шулап кетті. Үкім оқылғаннан кейін залдағы жұрт «бұл - сот емес, спектакль», «Үкім әділ емес» деп айқайлады.
Өткен аптада айыптаушылар белсенділерге сегіз жылдан жаза беруді сұраған еді. Прокуратура соттан белсенділерге қоғамдық жұмыспен айналысуға үш жылға тыйым салуды, сот шығындары үшін олардан өте қомақты айыппұл өндіруді де өтінген.
Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты қазанның 12-сі басталған еді. Олар мамырдың 17-сінен бері қамауда отыр. Билік бастаған жер реформасына қарсы Атырауда сәуірдің 24-і күні өткен митингіден кейін оларға «заңсыз митингі ұйымдастырды», «араздық қоздырды» және «жалған ақпарат таратты» деген айыптар тағылған еді.
Жазда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті осы елдің бірнеше қаласында биыл өткен жер митингілерін шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов қаржыландырды деп мәлімдеді. Атыраудағы сот кезінде Астанадан онлайн байланыс арқылы жауап берген Тоқтар Төлешов (оны "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыппен 21 жылға соттады) пен оның көмекшілері Талғат Аянға "ақша бергендерін" мәлімдеді. Макс Боқаев пен Талғат Аян бұл куәліктерді теріске шығарып, ақша алмағандарын айтты.
Құқық қорғаушылар Боқаев пен Аянға тағылған айыптардың "саяси астары" бар деп есептейді. Құқық қорғаушылардың Amnesty International халықаралық ұйымы Макс Боқаев пен Талғат Аянды "ар-ождан тұтқындары" деп атады. Құқық қорғаушылардың Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы белсенділер тұтқындалған бетте Қазақстан билігін оларды шұғыл бостатуға шақырды. HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон «Бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан бірде-бір белсенді түрмеге қамалмауы керек. Олар босатылуы тиіс, билік үкіметті сынаған адамдарды қудалауын тоқтасын» дәп мәлімдеген еді.
Сәуір және мамыр айларында Қазақстанда жүздеген адам жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы митингілерге шыққан еді. Бұл кодексте ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға ұзартылған болатын. Жер реформасына қарсы алғашқы митинг сәуірдің 24-і күні Атырауда өтті. Осы қарсылық шерулерінің нәтижесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің кейбір баптарын енгізуге мораторий жариялады.